ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТЫ КӨРГЕН АРДАГЕРЛЕР ЕСТЕЛІК АЙТТЫ

Уақыты: 28.08.2022
Оқылды: 1011
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 31 жыл толуына орай ардагерлер «Даңқ» обелискісіне гүл шоқтарын қойды.

Кеңес Одағы атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін 18 млн.га жер бөліп, ядролық полигон ашты. Онда кемінде 456 әуе, жерүсті және жерасты ядролық жарылыстары, сондай-ақ ондаған гидроядролық және гидродинамикалық сынақтар жүргізілді. Осы жарылыстардың салдарынан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті. Семей полигонында сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.

Шарада сөз алған Талдықорған қалалық мәслихатының аппарат басшысы Тимур Биғожанов, қалалық кеңестің төрағасы Жексенбай Мейрембаев, Алматы облыстық Семей ядролық сынақ полигоны ардагерлер ұйымының төрағасы Толымбек Данабеков, Талдықорған қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Ерен Мейрамбаев адам шошырлық деректерді мысалға кетірді.

- Бүгін бізде бір жағынан қайғылы да, бір жағынан қуанышты күн. Себебі, Семей полигоны 29 тамыза ашылып, дәл осы күні жабылды. Арамызда екі жыл әскери борышын сонда өтеп, полигон зардабын жоюға атсалысқан ардагерлер тұр. Арасында қайтпай қалғандары қаншама? Солардың рухына арнап гүл шоқтарын қойдық. Сіздер ауырмаңыздар, Алланың берген жасын жасай беріңіздер, – деді Толымбек Сүлейменұлы.

Жиын облыстық ардагерлер үйіндегі «дөңгелек үстелмен» жалғасты. Ардагерлер естеліктерін айтып, Талдықорған қаласының әкімі мен Алматы облыстық Семей ядролық сынақ полигонының ардагерлер ұйымының Алғыс хатымен марапатталды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы