ЖАСА, ЖАЙНА, ЖЕТІСУДЫҢ ЖҮРЕГІ! ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАЛА КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

Уақыты: 25.09.2022
Оқылды: 1636
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тотыдай таранған, сұңқардай сыланған Талдықорғанның туған күнін жұртшылық биыл да көтеріңкі көңіл-күймен тойлады. Мерекелік шара «Талдықорған» индустриялық аймағында орналасқан «BARS TECHNOLODGIES» кірпіш шығаратын зауытының ашылу салтанатынан басталды. Оған қала әкімі Әсет Масабаев қатысты.

Зауыттың ашылу салтанатында Әсет Дүйсебекұлы:

– Қала күні қарсаңында өңірдің әл-ауқатын арттыратын құрылыс материалдарын шығаратын зауыттың жұмысы іске қосылды. Мұндағы жұмысшылардың барлығы жергілікті азаматтар. Біздің үш жылдық жоспарымызға сәйкес, қала бойынша миллион шаршы метрден астам құрылыс жоспарланып отыр. Газоблок – бүтіндей бір ірі кешенді құрылыстың міндетін тиімді, сәтті шешеді. Яғни, қазіргі заманғы әмбебап құрылыс материалы кәдеге жарайды. Сонымен қатар, бұл өнімді басқа да облысқа ұсынысқа бере аламыз. Осындай игі істі бастап, туған жерге туын тігіп жатқан жандарға ризашылығымыз шексіз, – деп, жұмысшыларға сәттілік тіледі.

Газоблок кірпіштерін өндіретін қаламыздағы алғашқы кәсіпорында қазір 35 адам жұмыс жасауда. Зауыт басшылығы болашақта қызметкерлер санын 150-ге жеткізу жоспарда барын айтты. Мұнда тәулігіне 100 текше метр кірпіш шығарылады. Зауыт өнімі отандық және Ресей технологиясымен дайындалады. Жеке кәсіпорынға мемлекет тарапынан жер учаскесі, инженерлік желілер бөліп, өндірісті жедел газдандыруға көмек көрсетілді.

Зауыт директоры Ирина Хан: "Зауытта кірпіштердің барлық түрін шығарамыз. Жұмысшыларға күніне екі уақыт тамақ, жұмыс киімі беріледі. Жұмысшылардың орташа жалақысы 200-300 мың теңге. Осындай зауытты ашуға көмектескен облыс, қала басшысына алғысымыз жшексіз. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз, зауыт өнімдеріне сұраныс көбейген сайын, жергілікті жұмысшылардың саны арттырамыз", – деді.

Қазірдің өзінде зауыт өніміне сұраныс көп. Өңірдегі құрылыс компаниялары зауыт өніміне тапсырыс беріп жатыр екен.

Осыдан кейін қала әкімі Оқушылар сарайында өткен «Балдәурен» шығармашылық балалар фестифаліне барды. Шарада 250-ден астам бүлдіршін әуелетіп ән салып, мың бұралып би билеп, қолөнер шеберлігін көрсетті. «Балдәурен» фестивалінің соңында балаларға сыйлықтар таратылды. Қала күніне орай жергілікті аспаздар арнайы «Талдықорған» деген торт әзірлепті. Тортты қала әкімі кесіп, жұршылықты қала күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Қала басшысы «Жастар» саябағы мен спорт сарайының жанына қойылған көрмені аралады. Мұнда өндірістік кәсіпорындардың тауарлары, «Kia» «JAK» «HavaI» «Hyundai» «Lada» маркалы автокөліктері, қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен фотогрофтардың туындылары орналасқан. Әр ауданнан келген ұжым өз өнімдерін таныстырды.

Осыдан кейін футбол фестивалі өтті. Оған 7-8 сынып оқушылары арасында 25 команда қатысты. Балғын спортшылардың фестивалін тамашалауға барған қала әкімі оқушыларға доп таратып, жылы лебізін білдірді.

Қала күніне арналған дүбірлі думан «Жастар» саябағында өткен мерекелік концертпен жалғасты. Шара барысында Әсет Масабаев сөз алып, жұртшылықты мерекемен құттықтап, қаламыздың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың директоры Анарбек Монғолға, Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Ерболат Иманқұловқа, «Айсұлу» тігін фабрикасының атқарушы директоры Жарылқасын Болатұлына, «Lider.kz» еріктілер ұйымының жетекшісі Матвей Шведиге "Талдықорған қаласының Құрметті азаматы" атағын берді.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Қала күніне орай Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағамбетова, Жеңіс Ысқақова, Раушан Оразбаева, Айгүл Елшібаева сынды елімізге танымал өнер жұлдыздары әуелетіп ән салып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы