Көксу ауданында 60 пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде

Уақыты: 27.04.2023
Оқылды: 800
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көксу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы аудан әкімі Марлен Көлбаев  журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Әуелі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуы туралы баяндаған аудан әкімі, өз кезегінде өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Биыл алғашқы тоқсан көрсеткіші бойынша ауыл шаруашылық өнімі 3,5 млрд. теңге, өнеркәсіп өнімі 10 млрд. теңгеге өндірілді. Бөлшек сауда айналымының көлемі 850 миллионды, негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 580 млн. теңгені құрады, – деп алдымен көрсеткіштерге тоқталған Мәрлен Қапашұлы, өз кезегінде  атқарылған жұмыстарға басымдық берді.

Аудан басшысының айтуынша 1,3 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылған. 2022 жылы басталған Балпық би ауылындағы 60 пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс биыл толғымен аяқталып, тұрғындарға ұсынылмақ. Оның сыртында Балпық би ауылында екі 60 пәтерлік тұрғын үйдің, бір 20 пәтерлік және 21 жеке тұрғын үйдің құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Сондай-ақ, Балпық би ауылында жоғарғы вольтты электр желілерін көшіруге, Мәмбет ауылының жаңа массивіне инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысына және Балпық би ауылында блокты-модулді қазандықтың құрылысына жобалау құжаттары дайындалып, сараптамадан өтуде.

Аудан әкімі баспасөз маслихатына берген баяндамасында басқада өзекті тақырыптарды тілге тиек етті. Сондай-ақ алдағы уақытқа арналған жоспарларымен де бөлісті. Өз кезегінде журналистер қауымы қойған сауалдарға жауап берді. Қойылған сауалдардың басым бөлігі жұмыссыздық, газ орнату және мал қорымына қатысты болды.

Айғаным АЙТМҰХАН