ЖАС МҰҒАЛІМНІҢ ЖАҢАША  ТӘСІЛІ

Уақыты: 21.05.2023
Оқылды: 834
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әдетте «Тастүлек» бетіне жас мұғалім, кәсіпкер, спортшы, әнші болмаса жас әкемен ананы үлгі есебінде өмірбаянымен таныстырып, жетістігін көрсетуге тырысатынбыз. Осы жолы редакциямызға Сарқандағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, жас ұстаз, жас ана  Айдана Жалқыбайдан арнайы келген хатты таныстырсақ. Жазбасында мұғалім ағылшын тілін үйретудегі өз әдіс-тәсілімен бөлісіп, оқушыларды ынталандырудың жолын көрсетеді.    

Адамзат барлық жағынан епті, икемді. Әлемде қанша тіл болса, адам сол тілді үйренуге ұмтылады жә­не қызығушылығы ешқашан тоқ­тамайды. Әрине, кейде 1 тіл салыстырмалы түрде басқаларына қарағанда маңызды, танымал, оңай, әдемі болып көрінуі мүмкін. Дегенмен адамның қы­зығушылығы мен сүйіспеншілігі ой­ға келмеген тілдерді де үйренуге жетелейді.  

Тілді үйретудің негізгі 4 бағыты – тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым. Жас маман болған соң үйге келе сала ертеңгі сабаққа дайындықты бастап кетемін. Оқушылардың қызығушылығы оянсын деп түрлі дидактикалық  материалдар дайындап, ойын арқылы сабақты қызықты өткізуге тырысамын. Қазір жаңа технология заманы. Ашып қалсаң тіл үйрету курстарының жарнамасы қаптап тұр. Оқушыларымызда жақсы мүмкіндік бар. Ол сабақта ағылшын тілін үйреніп, сөйлеуді дамытқысы келсе сыныптастары жанында. Тілдік тақырыпты мұғалімнен үйреніп, интернет желісінен тағы қарау арқылы есте де сақтауға болады. Оқушыларға ұсынылған кітаптар қызықты. Білім алушы өтіп жатқан тарауды жаратылыстану болмаса орыс тілі т.б сабақтарда да қатар алып жүру қарастырылған. Грамматикалық жаттығулар, сөйлеу дағдысын дамыту үшін диалог, монолог жұмыстары бар. Reading дағдысына да контекстер беріліп, тапсырмалар қарастырылған. Тарау соңында сөздік, жаңа сөздерге түсініктер беріледі.

Ағылшын тілі сабағында ойын, сұрақ-жауап, сөздерді толықтыру, суретке қарап мәтін құрау, мәтінді қатесіз дауыс ырғағын сақтай отырып оқу, мазмұнын түсіну, суреттеу арқылы ауызша сөйлеуді қалыптастыруға болады. Оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін: сөзді, сөз тіркестерін дұрыс айтуға үйрету, мәтінді, сөздерді айтқанда дауыстың анық болуын қадағалау, сұрақтарға жауап беру, дұрыс сөйлеуге үйрету, сұрақ қоя білу мен әңгімені бастау, жалғастыру, аяқтай білу қабілетін қалыптастыру сияқты жұмыстарды қатар алып жүру керек. Ауызша сөйеуді дамыту үшін қосымша технологияларды пайдаланған тиімді. Қазіргі білім беру үрдісінде еніп жатқан инновациялық технологияларды басшылыққа алып, практика жүзінде ауызша сөйлеуді жүзеге асыруға болады.     .

Шет тілін білу сән емес, заман талабы. Туған тіліңді жетік меңгеріп, қастерлей біл. Бір тілмен шектеліп қана қоймай, жан-жақты болып, басқа да тілді меңгеруге уақытыңды бөл. Ол дегеніміз, жастардың ғана емес, тұтас мемлекетіміздің, ұлтымыздың болашағының жарқын болуының кепілі.

Серік Қантай