Ауыл көшесіне асфальт төселді

Уақыты: 05.09.2023
Оқылды: 615
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Осыдан біраз күн бұрын іссапармен Кербұлақ ауданына барған едік. Шүкір, еңбектеніп, терлеген жандардың еңсесі тіктеліп, тұрмыс-тіршілігі түзеліп, жағдайдың жақсара бастағаны байқалады. Заманауи үлгіде жаңа нысандар бой көтеріп, ескіргендері жаңаланып, жолдар салынып, ел дамуы алға басуда. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та ілгерілеу бар. Қалай болғанда да барды бардай бағалап, жоқты дер кезінде қалпына келтіруге тырыссақ, бәрі де ретімен іске асатыны сөзсіз.

Біз аталған өңірге қарасты Жайнақ батыр ауылына бардық. Байқағанымыздай, шағын елді мекеннің бүгінгі тірлігі жаман емес. Тұрғындар үй маңындағы ауласына бақшасын егіп, малын бағып, тіршілік кешуде. Су жүйесімен, электр энергиясымен толық қамтылып, газдандыру жұмыстары назарға алынған. Заманауи үлгіде көшелері жарықтандырылып, жолдары жаңаланып, асфальт төселіп жатыр. Ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігімен таныстырған Жайнақ батыр ауылдық округі әкімі Бахыт Рахимбеков бізге жасалып жатқан жол жұмыстарын көрсетті.      

– Біз жол жөндеу жұмыстарын Доланалы ауылынан бастадық. Ондағы 2 көшеге толық жаңа асфальт төселді. Жаңалық ауылында ұзындығы 2 шақырым, 400 метрді құрайтын 2 көшеде жөндеу жұмысы жүріп, бүгінде соның 40 пайызы аяқталды. Қалғаны жыл соңына дейін бітеді деп жоспарланып отыр. Ақбастау елді мекеніндегі жолдарға да асфальт төселді. Жайнақ батыр ауылы бойынша жалпы ұзындығы 3 651 метрлік 2 көше жасалып, пайдалануға берілді. Жол жұмыстарымен қазір «РСУ» ЖШС мердігер компаниясының еңбеккерлері айналысып жатыр. Жаңа жолдарға жалпы саны 18 жол белгісі, қосымша 17 көпір орнатылды. Қарымсақ ауылында халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар басталды. Бұл келесі жылдың көктеміне дейін аяқталады деп көзделіп отыр. Сол себепті жол жөндеу кейінге шегерілді. Мұны бітірген соң ауыл іші жолдары жаңаланады. Көшелерді кесіп өтетін Быжы өзеніне 2 үлкен көпір салынады, – дейді Бахыт Дәулеткелдіұлы.  

Сондай-ақ, әкім ауылдан көшіп кеткен адамдар бар болса да соңғы жылдары туған жердің қадірін түсініп, қаладан қайта оралып, жер алып, бау-бақша егіп, мал ұстап  отырғандардың да аз еместігін алға тартты. «Ауыл аманаты» жобасымен несие алып, мал бағуға ниет білдіргендер де көп. Бүгінде осы бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізілуде.  

Айта кетейік, Жайнақ батыр ауылдық округіне Жайнақ батыр, Жаңалық, Қарымсақ, Доланалы, Ақбастау ауылдары кіреді. Өткен жылы тіркелген 3 қылмыстың бәрі ашылған. Жалпы бұл елді мекендерде барлығы 2 704 адам тұрады. Оның ішінде орыс, чешен, татар сияқты өзге де ұлт өкілдері де бар. Барлығы 80-нен аса көпбалалы отбасы бар. 

Сондай-ақ, 2 почта бөлімшесі, 1 кітапхана, 1 Мәдениет үйі жұмыс істейді. Жаңа салынған балалар ойыны мен спорт алаңдары да алыстан менмұндалайды. 2 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік пункт халыққа қызмет көрсетеді. Мұнда жоғары білімді 1 дәрігер, 14 орта медициналық білімі бар мамандар жұмыс істейді. Диспансерлік есепте тұрғандар мен алғаш көмек көрсетілетіндер үшін дәрі-дәрмек жеткілікті. 2 «Жедел жәрдем» көлігі де дайын. 

Жайнақ батыр ауылында дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. 1973 жылы салынған нысан бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді. Сол сияқты Қарымсақ, Доланалы, Ақбастау ауылдарындағы 1970-1976 жылдар аралығында бой көтерген дәрігерлік пункттер де ағымдағы жөндеуді керек етіп тұр. Ауылдық округте  3 орта және 2 негізгі мектеп жұмыс істейді. Бұл оқу ошақтарында барлығы 485 бала білім алады.  Оларға 141 мұғалім сабақ береді. Білім мекемелерінің бәрі интернет желісіне қосылған. Жыл көлемінде 16 отбасына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Кербұлақ ауданы

Суретті түсірген  Руслан ҚАДЫРОВ