Ботай мәдениетін насихаттады

Уақыты: 05.09.2023
Оқылды: 786
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тарихымыздың шежірелі бетіне бедерленген ең бір ерекше мәдениеттің бірі – Ботай. Бұл туралы бүгінге дейін сан рет жазылып, ғалымдар сан түрлі жаңалықты айшықтаса да осынау ұлы мәдениетті танытатын ескерткіштер мен белгілер адамды өзіне баурай беретіні бар.

Иә, тарихқа деген іңкәрлігі басым оқырмандар енді Ботай мәдениетіне қатысты ғажайып ескерткіштерді, тарихи орындарды қаламгерлердің картиналарынан да тамашалай алады. Олай дейтініміз, күні кеше ғана Солтүстік Қазақстан облысында екінші рет «Ботай – Ұлы Дала мәдениеті» атты халықаралық симпозиум өтті. Шараға Қырғызстан, Канада, Бельгия, Франция, Германия секілді 21 мемлекеттің суретшілері қатысты. Олар 10 күн бойы өңірдегі тарихи орындарда болып, жәдігерлер мен сол дәуірде тіршілік еткен халықтың өмір салтын зерттеді. Ойларына түйгендерін қағаз бетіне түсірді. Нәтижесінде бейнеленген 120-ға жуық картина Петропавлда өткен арнайы көрмеге қойылды. Ал желтоқсан айында туындылардың бір бөлігі аукционға шығарылады. Одан түскен қаржы балалар үйіне табысталмақ. 

Бұл орайда аталған шараның ұйымдастырушысы Денис Лукянчук: «Суретшілердің әрқайсысы кем дегенде 5 картинадан салды. Ал Румыниядан келген азамат 12 туынды жасап, рекорд орнатты. Ботай қонысы мен Солтүстік Қазақстан облысының табиғаты қылқалам шеберлеріне ерекше шабыт сыйлады. Оны көрмеге қойылған картиналардан айқын аңғаруға болады. Композициялар әр алуан. Барлығы көздің жауын алады», – дейді.

"Жетісу-Ақпарат"