Бес күн бойы жоғалған 8 айлық сәби табылды

Уақыты: 07.09.2023
Оқылды: 722
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған полицейлері 8 айлық баланы тауып, анасына қайтарды, деп хабарлайды Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство ақпаратынша, сәби Талдықорғанда әкесінің туысқандарынан табылған. Қазір бала анасының жанында, әйел бейнеүндеуінде ұлын табуға көмектескені үшін тәртіп сақшыларына алғыс айтты.

"Сәбидің ендігі тағдырын сот пен қамқорлық органдарының өкілдері шешеді. Баланың әкесі, сот қаулысына сәйкес, әкімшілік қамауда отыр", - деп мәлімдеді облыстық полициядағылар.

Естеріңізге сала кетейік, Жетісу мен Алматы облыстарының полицейлері 8 айлық ұлды бес күн бойы іздеген.

Бала туралы ақпаратты әлеуметтік желіде Немолчи.кз" қорының өкілі Дина Таңсәрі таратты. Автордың сөзінше, баланың әкесі әйелімен жанжалдасып, ұлын туыстарына апарып жасырған.

Әйелі мен енесін ұрғаны үшін ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сурет: ғаламтордан алынды