"Талдықорғанда бір ай бойы ыстық су болмайды": Әкім себебін түсіндірді

Уақыты: 07.09.2023
Оқылды: 709
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда қыркүйек айының соңына дейін ыстық су болмайды. Қала әкімі Ернат Бәзіл тұрғындардың шағымына жауап берді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Azattyq Rýhy сайтына сілтеп.

6 қыркүйектен бастап Талдықорған қаласы бойынша бір айға жуық уақытқа ыстық су өшірілді. Бұл жаңалық үлкен резонанс тудырды, осыған байланысты шаһар әкімі қала тұрғындарының шағымдарына жауап беруді жөн деп тапты. Оның айтуынша, жосықсыз мердігердің кесірінен осындай шешім қабылданған. 

«Сәуір айында мердігер жұмысқа кірісіп кетуі керек еді, міне, мамыр, маусым, шілде, тамыз бойы ештеңе атқарылмады, біз алтын уақыттымызды жоғалттық. Жыл сайын ыстық су тамыз айында өшірілетін, бірақ биыл біз оны бүгіннен бастауға мәжбүрміз. 21 күн деп әдейі артығымен алып отырмыз, бірақ екі аптадан кейін ыстық суды кезең-кезеңімен беруді бастаймыз», - деді қала әкімі Ернат Бәзіл. 

Бірінші кезеңде қала билігі Талдықорғанның жаңа және орталық ықшам аудандарында су беруді жоспарлап отыр, одан кейін облыс орталығының шеті қамтылады. 

Бұған дейін Талдықорған қаласының тұрғындары дәп оқу жылы басталғанда ыстық судың өшірілуіне шағымданған болатын.

Фото: көрнекілікке алынды