Жол құрылысы тұрақты бақылауда

Уақыты: 11.09.2023
Оқылды: 553
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023-2029 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы бойынша өткен Үкіметтің селекторлық отырысында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге қатысты мәселелер қаралды. Автожолдар желісін дамыту облыстың транзиттік әлеуетін ашудың басым бағыттарының бірі. Жетісу облысы бойынша жол инфрақұрылымын дамытуға 3,4 млрд. теңге қаржыға 11 жоба жоспарланып, жүзеге асырылуда.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов автожолдарды жөндеу қарқынын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, автомобиль жолдарының жағдайы бүгінгі таңда ең проблемалы және өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Осыған байланысты, алдағы жылдары автожол жобаларын кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда. Үкімет басшысы облыс әкімдері бұл мәселені бақылауда ұстап, қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуі, сондай-ақ, адамдардың шағымдарына уақытылы және тиісінше ден қоюы қажет екенін атап өтті.

– Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жолдардың сапасы сынға төтеп бере алмайтынын атап өтті. Бүгінде тұрғындардың автожолдарға қатысты шағымдары көп. Тұрғындарға республикалық немесе жергілікті маңызы бар жолдарға қарамастан сапалы жолдар қажет. Жолдардың сапасыздығы салдарынан жол-көлік оқиғасы көбеюде. Сондықтан елді мекендерді сыртқы әлеммен байланыстыратын жолдар ерекше назар аударуды қажет етеді. Адамдардың өмірі мен денсаулығы автомобиль жолдарының жағдайына байланысты, мұны есте ұстаған жөн. Көлік министрлігі мен әкімдіктер халықпен кері байланыс орнатуы тиіс. Бұл жобалардың іске асырылуын бақылау мен сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, –  деп атап өтті Үкімет басшысы.

Облыс әкімі өз баяндамасында биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолдары мен көпірлерді жөндеуге 3,4 млрд. теңге көлемінде қаржы жалпы сипаттағы трансферттерге (ТОХ) бөлінгенін атап өтті. Оның ішінде 5 көпірді күрделі жөндеуге 877 млн. теңге және 6 нысанды орташа жөндеуге 2,5 млрд. теңге қарастырылған.

Бүгінгі таңда оның 1,9 млрд. теңгесі немесе 56 пайызы игерілген. Қалған қаржы жыл соңына дейін игерілетін болады. Облыс әкімінің айтуынша, барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

–  Жалпы, облыстың жол инфрақұрылымын дамыту үшін биыл жалпы сомасы 17 млрд. теңгеге 38 жоба іске асырылуда. Облыстың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 988  шақырым. Оның ішінде 1 034  шақырым республикалық, 2954 шақырымы жергілікті маңызы бар жол.    Бөлінген қаржы есебінен 198 шақырым жол жөндеу жұмысымен қамтылып, жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 93 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда – деді Бейбіт Исабаев.

Фото: ашық дереккөзден