"Дипломмен - ауылға" жобасы жас мамандарды қолдайды

Уақыты: 12.09.2023
Оқылды: 544
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Дипломмен-ауылға» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұрақтауға келген дипломы бар мамандарды орналастыру мәселелерін шешуге оң ықпал етуде. Мәселен, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының деректеріне сәйкес, өңірде жоба басталғалы бергі жылдарда 3750-ден астам маман көтерме жәрдемақы, 2025 адам несие алды. 

«2022 жылдың қорытындысы бойынша 136,6 млн.теңгеге 446 маман көтерме жәрдемақы алды, тұрғын үй сатып алу үшін 233 маманға жалпы сомасы 1,1 млрд. теңге несие берілді. Ал 2023 жылы республикалық бюджеттен 206 маманға несие беруге 1,1 млрд. теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен көтерме жәрдемақы үшін 335 маманға 115,6 млн. теңге бөлінді. 2023 жылдың 1 тамызына 66,6 млн. теңгеге 193 адам көтерме жәрдемақы алды", - делінген басқарманың ақпаратында.

Атап өтсек, 2024 жылдан бастап аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген мамандар үшін бюджеттік кредит 2 500 АЕК-ке дейін ұлғаяды, қалған ауылдық елді мекендер үшін 2000 АЕК-ке дейін өседі.

Еске салсақ, әлеуметтік қолдау шаралары денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен т.б. салалардағы мамандарға беріледі.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Коллаж: ашық дереккөзден