Жаңа технологияны жастар дамытады

Уақыты: 31.10.2023
Оқылды: 426
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлемдегі экономикасы дамыған 30 елдің көшіне ілесуде жаңа технологияның тілін меңгеру маңызды. Осы тұрғыда қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ІT жүйесінің дамуына серпін береді. Ол өз кезінде шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», – деп айтып өтті.

Тұтастай алғанда, бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделген.

Цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынды. Компьютерлер кеңседе де, үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланылып, тұрғындарға қажетті мемлекеттік қызметтің кез келген түрін цифрлық технология көмегімен жүзеге асырылатын болды. Ақпаратты сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды.

Президенттің Жолдауында елімізде үлкен экономикалық және технологиялық үдеріс үлгілі дамытылуы керектігі айтылды. Ал ол үшін IT саласына басымдық беріледі. Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын сәтті басталған. Оған мысал – «eGov» жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны компьютер алдында отырып-ақ жүргізе аласыз. Құжат ресімдеу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Бұл істер алдағы кезде одан әрі жетілдіріле түседі.

Мемлекет басшысы Жолдауда: «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз» деп көрсетуі де біз үшін маңызды. Сондықтан біз, жастар, өз тарапымыздан цифрлық технологияға білім алушыларды бейімдеуіміз қажет. Цифрлық технология негізінде дәріс, семинар сабақтарын жиі ұйымдастырып, осы бағыттағы оқыту әдістерін сапалы түрде одан әрі дамытуымыз керек.

Еркебұлан Ақболатов,
«Жастар Рухы» Жастар қанаты Жетісу облыстық филиалының төрағасы