Энергетиктер қуанышы

Уақыты: 03.01.2024
Оқылды: 299
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Жетісу өлкесін жарық және жылумен қамтамасыз етіп отырған бірнеше кәсіпорын еңбеккерлеріне сый-құрмет көрсетілді.

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов сөз сөйлеп, аймақтағы энергетика саласы бойынша қызмет көрсетіп келе жатқан 44 кәсіп- орынның заман талабына сай дамып, қайта жаңғырту мен жөндеу, инвестицияларды тарифтерге айырбастау бағдарламасының ойдағыдай іске асып жатқанын және бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізіп, энергетиктерді төл мерекелерімен құттықтады. 

Бұдан соң аталған салаға еңбегі сіңген бір топ азамат марапатталды. Атап айтқанда, Үйгентас электр желілер ауданының бастығы Қуат Оспанбековке, «Жетісу Энерго- трейд» ЖШС зейнеткері Қайдар Тұяқбаевқа ҚР Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі» медалі берілсе, ҚР «Еңбегі сіңген энергетик» медалі Сарқан электр желілер ауданының Лепсі участогының кезекші электржөндеушісі Серікжан Тұрсынбаевқа табысталды. Енді бірқатар азамат энергетика саласының өркендеуіне қосқан үлесі және адал еңбегі үшін ҚР «Құрметті энергетик» медалімен марапатталды.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дауына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасын, облыстағы энергетика саласының дамуына қосқан үлесі, еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін облыс әкімінің Алғыс хатын алғандар да қуанышқа кенелді.

Марапатталушылар легінде «ТАЭТК» АҚ, «Жетысу Энерготрейд» ЖШС, Текелі энерго кешені,Талдықорғанжылусервис кәсіпорны, Сарқан, Алакөл, Қарабұлақ, Панфилов, Көксу, Ақсу аудандары жылу-су сервис  кәсіпорын қызметкерлері болды. Басқа да энергетиктерге барынша сый-құрмет көрсетілді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Талдықорған қаласы