Жетісу облысында санитарлық тексеру басталады

Уақыты: 17.01.2024
Оқылды: 576
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында санитариялық рұқсат беру талаптарының сақталуы бойынша 105 нысанды тексеру, субъектілерге бару арқылы профилактикалық бақылау 64 нысанда жүргізіледі деп жоспарлануда.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бақылау іс-шараларының кестелерін әзірледі. Объектілерді таңдау  тәуекелді бағалау критерийлеріне негізделген автоматты түрде болмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар  қызметі ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов баяндады. 

Тәуекелдерді бағалау жүйесі 0-ден 100-ге дейінгі индикаторларға негізделген. Заң талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда объектілерге тәуекел көрсеткішіне сәйкес ұпай беріледі. Мұндай саралау жоғары, орташа және төмен тәуекел дәрежесі бар объектілерді анықтауға мүмкіндік береді. 

«Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі мен Санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау  комитеті  кәсіпкерлік субъектілері үшін есеп беру  рәсімдерін  айтарлықтай жеңілдететін, сондай-ақ тексерулерді жоспарлау тәртібін автоматтандыруды қамтамасыз ететін «Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау» жаңа электрондық жүйесін әзірлеп, сынақтан өткізуде. Бұл санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді», – деп қорытындылады Самат Ахметов.