Текеліде шаңғы-биатлон кешені салынады

Уақыты: 17.01.2024
Оқылды: 551
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыста шаңғы-биатлон кешені салынады. Ол Текелі қаласының сыртындағы Жоңғар Алатауының етегінде орналасады. Спорттық нысан қысқы олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға ғана емес, сондай-ақ, тау туризміне де серпін береді.

Текеліге демалысқа туристер негізінен жаз мезгілінде келеді. Ал қыс мезгілінде демалыс аймақтары көбіне бос тұрады. Шаңғы-биатлон кешенінің құрылысы бойынша үлкен перспективалар ашылуда.

Ермек Кеңесханұлы, кәсіпкер: «Маған тағы 20 сотық жер бөлінді. Шағын қонақ үй салуды жоспарлап отырмын. Мұндай жобалар кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Шаңғы-биатлон кешенінің ашылуымен біз көп турис келеді деп күтудеміз, ал ол үшін тиісті сервис қажет»,– дейді.

Жоба құны 15 миллиард теңгені құрайды. Оған 9 гектардан аса жер бөлінген. Мұнда бірнеше апатты, иесіз үйлер бұзылады. Тиісті инфрақұрылым да жүргізілетін болады.

Текелі қаласының сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Рүстем Болатұлының айтуынша, жобаны әзірлеумен «Астана азаматтық жобасы» айналыспақ. Бұл жобада әкімшілік ғимарат, сондай-ақ, 200 адамға арналған қонақ үй салу жоспарланып отыр.

Шаңғы-биатлон кешені өңірдегі қысқы олимпиадалық спорт түрлері мен тау туризмін дамытудағы зәкірлік жоба болып саналады. Алакөл маңындағы жазғы туризмге қажет инфрақұрылымды жүргізу үшін 60-қа жуық инвестициялық жоба іске асырылды. Ал Балқаш көлі жағалауын абаттандыруға үш жылда 30 миллиард теңгеден астам инвестиция бағыттау көзделген.

Таяу екі жылда Орталық Азияның ең биік сарқырамасы – Бұрхан бұлағына апаратын жол құрылысы басталады. Оның ұзындығы 60 шақырымға жуық. Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға 83 миллион теңге бөлінді.

Айгүл Байжұмақызы
Текелі қаласы
Фото: zastavki.com