Ақсақалдар мен аналар бас қосты

Уақыты: 20.01.2024
Оқылды: 545
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов ақсақалдар алқасы және аналар кеңесінің төрайымдарымен кездесті.

Еркін өткен басқосуда жастарды ізгілікке, татулыққа тәрбиелеп жүрген қазыналы қарттардың қоғамда жоғары беделге ие екені аталып өтіп, алғыс айтылды. Ауданды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылық білдірген ақсақалдар да өздерінің ойларымен бөлісіп, ақ тілектерін арнады.

Жиында сондай-ақ, ауылдарды өркендету, абаттандыру, тазалыққа мән беру, жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мәселелері сөз болды. Соңында Қанат Болатұлы ардагерлер айтқан барлық сын-ескертпелерге назар аударылатынын және мұндай жиындар әлі де жалғасатынын жеткізді.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымдарымен ұйымдастырылған жиында ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерге қашанда нəтижелі істердің үйір болатыны әңгімеленді. Аталған кеңес төрайымы Ғалия Ниязқызы бүгінгі аналардың қоғамдағы барлық өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, əлеуметтік-мəдени шараларға, жалпы, елдегі барлық тыныс-тіршілікке белсене атсалысып келетінін сөз етті.

Күреңбелдік аналар ұрпақтың ұлттық құндылықтарды сақтай отырып тәрбиеленуіне, ел тарихы мен шежіресін барынша бойына сіңіруіне, ұлтымыздың әні мен сазын сүйіп өсуіне бар күштерін арнап отыр.

Айта кетейік, аналар кеңесі ажырасудың алдын алу, отбасындағы ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс, құқықбұзушылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде iс-шара ұйымдастырып, бірқатар ауқымды бастамаларды қолға алып отыр.

Айгүл Байжұмақызы
Кербұлақ ауданы
Фото: Кербұлақ ауданының әкімдігі