Несиемен өмір сүреді

Уақыты: 20.01.2024
Оқылды: 401
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген әлеуметтік зерттеуге сәйкес өткен жылы халықтың қаржылық сауаттылығы 40,5%-ды құраса, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Адамдардың қаржылық сауаттылығын білу үшін 18 жастан жоғары 3 мыңнан аса адамға сауалнама жүргізілген. Аталған реттеушінің мәліметінше, 50-63 жастағы адамдардың 30,2%-ы қаражатты өз бетінше пайдаланса, 30-49 жастағы қазақстандықтардың 35,6%-ы оны ата-анасына сеніп береді. 

Қаражатты бірлесе жұмсайтын әрбір сұралушының бесіншісі ерлі-зайыптылар десек, тек 18,2%-ы ғана жалпы бюджетті басқарады. Ал адамдардың 38,9%-ы қарыз алып, шығындалса, несиені пайдаланғандар 35,9%, оның 12,5%-ы шағын несиеге жүгініп, 7,5%-ы онлайн-несие ресімдеген. Жеке жинақтары барлары 23,7% десек, 13,1%-ы депозиттен қаражат алған. Сауалнама кезінде адамдардың 48,2%-ы ақша жинайтынын көрсеткен. Соңғы 3 жылда ай сайынғы міндетті шығындарды төлегеннен кейін жинақ ақшаны қалыптастыруға қабілетті қазақстандықтардың саны бірқалыпты өскені байқалған. 

Автонесиелеу, зейнетақы аннуитеті, тұтынушылық қарыз бен дебеттік карта ең көп тараған қызмет түрі. Соңғы екі жылда бұл өз нәтижесін көрсеткен. Адамдар депозитке ақша салуды да үйренді. Бірақ, ипотека алатындар мен онлайн-несие ресімдейтіндер де аз емес. Десек те  болашақта депозит, ипотека және онлайн-несие қызметтері өз сұранысын сақтап қалады деп болжануда. Осы қатарда ерікті зейнетақы жинақтары да бар. 

Айта кетейік, қаржылық сауаттылық жағынан Атырау мен Ұлытау облыстары көш бастап тұр. Ал қаржылық алаяқтыққа Атырау мен Ақтөбе және Маңғыстау облыстары тап болуда. Қылмыскерлердің құрбанына негізінен 18-29 бен 50-63 жас аралығындағылар ұрынады. Телефон интернет-алаяқтығы да (вишинг) неғұрлым кең тараған. Бұл ретте алаяқтар негізінен өз құрбандарымен ұялы немесе қалалық телефонға қоңырау шалу арқылы байланысады. 
Көбіне адамдар қаскүнемдерді ашуға қол жеткізді. Мұндай құқықбұзушылықтарды анықтау 50 жастан асқан адамдарға қиындық туғызады. Қалай болғанда да сақ болып, қаржылық сауатымызды арттырғанымыздың пайдасы зор болмақ!

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: life.ru