Әлеуметтік қолдау басты назарда

Уақыты: 14.02.2024
Оқылды: 224
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облыстық мәслихатының кезекті ХІ сессиясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев қатысты. Сессия отырысын облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева жүргізді.

Күн тәртібінде 12 мәселе қаралды. Алғаш облыстағы ортақ су пайдаланудың қағидаларын белгілеу туралы  облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Елдос Мырзабек баяндама жасады. Оның айтуынша, ҚР Су кодексінің және Ауылшаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №19-1/252 бұйрығының негізінде жалпы су пайдаланудың қағидалары әзірленген. Экологиялық, техникалық және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн. Сондықтан да су бүгінгі күннің өзекті тақырыбы.

Сессияда ауылдық жерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров сөз сөйледі. Оның айтуынша, облыстың 10 мың тұрғынына шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз ету 32,5 пайыз. Орта медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету 112,7 пайыз болса, кадр тапшылығы 186 маманды құрайды. Жалпы облысқа 18 анестезиолог-реаниматолог, 12 акушер-гинеколог және 12 невролог маман қажет. 2024 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша облыстың медициналық ұйымдарына 68 дәрігер жұмысқа келген. Ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдарға 21 дәрігер жұмысқа орналасқан.  Оларды тұрақтандыру үшін ауылда сараланған еңбекақы төлеу және тұрғын үй беру түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шаралары да жүзеге асырылған. Сұранысқа ие медицина мамандарын даярлау мақсатында 2023 жылы дәрігерлерді резидентурада оқытуға 184,2 миллион теңге бөлініп, 2023-2024 оқу жылына 48 резидент қабылданған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта облыстағы дәрігер жетіспеушілігінің алдын алады деп жоспарлануда. 

Жиында Панфилов ауданының Жаркент қаласы мен ауылдық округтерінің шегараларын өзгерту және белгілеу туралы баяндаған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әпеков атқарылып жатқан жұмыстары жайлы сөз қозғады. 

Талдықорған қаласының құрамдас бөліктеріне, Алакөл және Панфилов аудандарының кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау туралы облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елдар Сапаров жан-жақты толық ақпарат берді. 

Келелі жиында облыстық мәслихат депутаттары күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша сұрақ қойып, өз ойларын ортаға салды. Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев облыстың басқару схемасын бекіту туралы баяндама жасап, сессия отырысын қорытындылады. 

Еңлік КЕНЕБАЙ