Электр тарифінде өзгеріс бар

Уақыты: 15.02.2024
Оқылды: 295
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өздеріңіз білетіндей, 1 наурыздан бастап электр энергиясының тарифтері көтеріледі. Осыған байланысты ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті «Жетісу Энерготрейд» ЖШС-нің электр  энергиясын бөлшек саудада өткізу (электрмен жабдықтау) қызметтеріне арналған шекті баға жобасын қарау жөнінде жария тыңдау өткізді. «Жетісу су құбыры» ШЖҚ МКК мәжіліс залында өткен жиынға мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, табиғи монополиялардың субъектілері және тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар шақырылды. 

Жария тыңдауға қатысқан ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Арман Сағымбеков, «Жетісу Энерготрейд» ЖШС директоры Манар Абдамбаев электр энергиясы тарифтерінің қымбаттау себебін түсіндірді. Белгілі болғандай, алдағы уақытта облыс тұтынушылары үшін электр энергиясын бөлшек саудада өткізу шекті бағасын ұлғайту жоспарланып отыр. 

Бағаның өсуіне негізінен электр энергиясын өндіруші ұйымдар тарифтерінің, электр қуатының жүктемені көтеруге дайындығын қамтамасыз ету қызметі бағасының, аймақ- аралық электр қуатын тасымалдау қызметі (KEGOC) және электр куатын беру ұйымдарының тасымалдау және тарату қызметтері тарифтерінің қымбаттауы себеп болып отыр. «Жетісу Энерготрейд» ЖШС электр қуатын бірыңғай сатып алушыдан 1 кВт/сағ сатып алу тарифі 11,47 теңгеден 14 теңгеге (2,51 теңге немесе 22,1 %) көтерілді. 

«Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» электр қуатының жүктемені көтеруге дайындығын қамтамасыз ету қызметінің 1 мВт бағасы айына 505 956 теңгеден 690007 теңге /мВт (184 051 теңгеге немесе 73,3% ) өсті. «KEGOC» АҚ электр энергиясын тасымалдау тарифі 1,651 теңгеден 1,943 теңгеге (0,29 теңгеге немесе 17,7%) қымбаттады. 

Облыс шеңберінде электр энергиясын тасымалдайтын «ТАЭТК» АҚ-ның тарифі 8,76 теңгеден 10,68 теңгеге (1,92 теңге немесе 21,9%) көтерілді. «ҚараталТранзит» ЖШС тарифі 1,36 теңгеден 1,41 теңгеге (0,05 теңгеге немесе 3,7%) өсті. «Т Транзит» ЖШС тарифі 1,86 теңгеден 2,14 теңгеге (0,28 теңге немесе 15,1%) көбейді. «ҚТЖ ҰК» АҚ-ның Алматы магистральды желілер бөлімшесі тарифі 2,18 теңгеден 2,46 теңгеге (0,28 тг немесе 12,8%) жоғарылады. 

«Жетісу Энерготрейд» ЖШС-нің тариф құрылымында электр қуатын сатып алу мен тасымалдауға кететін шығындар барлық шығынның 93,2 пайызын құрайды. Жиында айтылғандай, «Жетісу Энерготрейд» ЖШС тарифі сол себепті де қымбаттап отыр. Сонымен бірге жанар-жағармай мен ин- фляция, басқа да қызмет түрлері бағасының көтерілуі электр қуаты тарифтерінің өсуіне негіз болуда.  

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті «Жетісу Энерготрейд» ЖШС-нің алдағы уақытта тарифтердің көтерілуі жөніндегі хабарламасын қолданыстағы заңнамаларға сәйкес 30 күн ішінде (23 ақпанға дейін) қарастырып, дәлелді қорытындысын шығарады деп күтілуде.

Айта кетейік, «Жетісу Энерготрейд» ЖШС-нің қолданыстағы  орташа тарифі 28,88 теңгені құрайды. Осы тарифтің құрылымы 3 бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі – электр энергиясын сатып алу. Ол тарифтің 49,3 пайызын құрайды немесе 14,24 теңге. Екінші бөлігі – электр энергиясын тасымалдау және таратуға кететін шығындар – 44,6 пайызды құрайды немесе 12,88 теңге. Үшінші бөлігі – электр қуатымен жабдықтау үстемесі 6,1 пайыз немесе 1,76 теңге. 

Демек, әрбір кВт-қа 28,88 теңге төлесек, соның тек 6,1 пайызы  ғана тікелей электрмен жабдықтаушы, кепілді электр энергиясымен  қамтамасыз етуші компания «Жетісу Энерготрейд» ЖШС-нің  электр энергиясымен қамтамасыз етудегі шығындары болып саналады. Осылайша, 1 наурыздан бастап орташа бағаны 28,88 теңгеден 35,62 теңгеге көтеру көзделіп отыр. Яғни, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,74 теңгеге жоғары.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: rg.ru