Жылыту маусымы басталғалы бері Жетісу облысында 104 өрт оқиғасы тіркелді

Уақыты: 15.02.2024
Оқылды: 329
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жылыту маусымы басталғалы бері  облыста 104 өрт оқиғасы тіркеліп, 20-дан астам тұрғын улы газдан зардап шегіп, 3 адам қаза тапқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда есе көп. Төтенше жағдайдың орын алуының  негізгі себептері – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу.

Көбіне тұрғындар тұрмыстық өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып, мұржаларды, түтін құбырларын күйеден тазартудың қарапайым ережелерін елемей жатады. Су жылытудың кеңейту цистернасын оқшаулаудың сенімділігін қамтамасыз етпейді. Жылыту аспаптары мен түтін мұржаларының беттері шаңнан және басқа да жанғыш қалдықтардан жүйелі түрде тазалануы тиіс. Мұржаны уақытылы тазаламау салдарынан  түсі де, иісі де жоқ көміртегі тотығы улануға әкеліп соғады.

Жылыту маусымы кезінде өрттің алдын алу үшін жылыту  облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері «Қауіпсіз пеш» акциясын өткізіп, профилактикалық рейдтік іс-шараларды, тұрғын үй секторын аралау жұмыстарын жүргізуде. Төтенше жағдай қызметкерлері өрттің алдын алу үшін ең алдымен тұрғындар өзі тұрып жатқан үйдің қауіпсіздігін тексеріп, сақтық шараларын алдын ала ұйымдастырып қойғаны дұрыс екенін айтады.

– Әр адам пештерді жылыту кезеңіне дайындау, төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын жүргізіп, үйдегі қауіпті газ концентрациясына жауап беретін және үй иелерін арнайы сигналмен уақытылы ескертуге мүмкіндік беретін түтін және көміртегі тотығы датчиктерін орнатқан жөн. Мұржаны 2-3 айда тазалап тұру керек. Әр пештің алдында 50-70 см. металл төсеніш қойылуы керек, – дейді.

Пеш алдындағы қаптаманың, пеш қабырғаларының құрылысы мен сылағының ақаулығы, тазаланбаған түтіндік, пештің жанында қойылған тез жанғыш заттар – осының бәрі күтпеген және түзетілмейтін үлкен қайғыға әкеліп соғуы мүмкін. Қарамаса қара пеш те қауіпті. Сондықтан тұрғындарға жылыту пештерін орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керектігін айтамыз. Сонымен қатар, тұрмыстық газды да барынша сақтықпен пайдаланған жөн.

Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: mail.kz