СҮЙІНДІРЕР СУРЕТ КӨРГІҢІЗ КЕЛСЕ...

Уақыты: 02.04.2024
Оқылды: 343
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құдай ғана өліге жан бітіре алады. Ал суретшіге өліні де, тіріні де айнытпай бейнелейтін қабілет берген. Талдықорғанда «Бояулар сыр шертеді» атты көрменің ашылуы өтті. Көрмеге шаһардағы «Балалар көркемсурет мектебі» шәкірттерінің туындылары қойылыпты.

Кез келген адамның қолына қалам алып жазушы немесе суретші болып кете салуы неғайбыл дүние. Әуелі Тәңірден, болмаса тегіңнен берілген титтей болсын жұрнақ болуы керек. Сол жұрнақты дамыту, дамытпау әркімнің өз қолындағы мәселе. Осы ретте жас талаптардың қолмен істеген жұмыстарын көрмекке қаладағы Көркемөнер галереясына бардық.

Мұнда қойылған суреттер еріксіз өзіне тартып, көңіліңді баурап алады. Қанық бояу, түрлі түсте бейнелеген табиғат, адам мен аңның кескіні басқа әлемге шақыратындай әсер қалдырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге қойылған барлық шығармашылық туындылар «Балалар көркемсурет мектебі» оқушыларының дипломдық жұмыстары екен. Келіп тамашалаймын деушілерге әрдайым есігіміз ашық дейді қызметкерлер.

Аталған оқу ордасынан тәлім алушылардың бірі Сая Сабырқызы. Көрмеге «Томирис» портретін әкеліпті. Патшайымның бейнесі бейнеленген суретті салуға көп уақыт кеткенін айтады. Дипломдық жұмысқа Тұмар ханшаның салуының өзіндік себептері де бар. Ол өзімнің ішкі сырым деген жас суретшінің, сырын білу үшін қайталап сұрақ қоюды жөн көрмедік.

Балалар көркемсурет мектебінде 12 жасымнан бері оқып келем. Бұл білім ошағынан білім алума анам себепкер болды. Суретші болу бала кезімнен арманым еді. Осы күнге дейін 100-ден астам сурет салған шығармын. Қабырғаға да сурет салумен айналысам. Қазіргі уақытта туындыларым республика көлемінде таралуда. Осы істе маған жәрдемдескен Айнұр Тілепбергенова апайымызға көп-көп алғыс айтамын, – деді ол.

Бұл жерден оқушылардың «Жас оқушы», «Жазғы орман», «Күнбағыстар», «Шабыт», «Мектепке жол», «Аспан кинотеатры», «Серуенде», «Көшпенділер» сынды басқа да тақырыптағы 30-дан астам шығармасын көруге болады.        

Дана САНСЫЗБАЙ

ЖУ студенті