ДАРЫНДЫЛАР САПЫНАН КӨРІНУГЕ МҮМКІНДІК

Уақыты: 02.04.2024
Оқылды: 326
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Мың бала» олимпиадасы – ауылдық жерлерде оқитын дарынды балаларды анықтауға және қолдауға арналған ең маңызды жобалардың бірі. Осы орайда ҚР Оқу-ағарту министрлігі «El Umiti» корпоративтік қорымен бірлесіп, аталған олимпиаданы биыл да өткізбек. Бұл жөнінде Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөзмәслихатында айтылды.

5-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан «Мың бала» олимпиадасына биыл Жетісу өңірінен 5 мыңға жуық оқушы қатысады. Байқау тек 6 – сынып оқушыларына арналып отыр. Мұнда жеңімпаз атанған оқушыға ҚР заңнамасында бекітілген квотаға сәйкес дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінде, республикалық физика-математика мектебінде, «Дарын» мамандандырылған мектебінде тегін білім алуға мүмкіндік береді. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған сайыс 2-ші сәуір басталады.

«Мың бала» олимпиадасына тіркелу биылғы 10 ақпан мен 10 наурыз аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында жүргізілді. Олимпиаданың бірінші кезеңін қатысушылар 2024 жылдың 2 сәуірінде үйден камерасы бар ноутбукпен немесе web-камерасы бар компьютермен (планшет емес) тест тапсыратын болады. Егер камерасы бар ноутбукпен немесе web-камерасы бар компьютер болмаған жағдайда, қатысушылар мектептегі, компьютерлік сыныптарда тапсыра алатындай мүмкіндік жасалды. Олимпиаданың 2-ші кезеңі 2024 жылдың 24-26 сәуір аралығында өтеді, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.

Айта кетейік, былтыр олимпиадаға облыстан 4295 бала қатысса, олардың бүгінде 11-і дарынды балаларға арналған арнайы мектептерде білім алуда. Жеңімпаз атанған оқушыларға ақшалай сертификаттар табысталған болатын. Аталған олимпиадаға қатысу үшін биыл 4884 білімгер тіркеліп отыр.

Меруерт ДӘУРЕНҚЫЗЫ

ЖУ Cтуденті