Мемлекеттік материалдық резервте азық-түлік пен қажетті заттар жеткілікті ме

Уақыты: 08.04.2024
Оқылды: 231
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінде су тасқынына ұшыраған өңірлерге мемлекеттік материалдық резервтен азық-түлік, төсек-орын және басқа да қажетті заттар жіберіліп жатыр. Толығырақ Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары Руслан Ормағамбетов айтып берді. 

«Мемлекеттік материалдық резервтің номенклатурасына сәйкес, қоймаларда азық-түлік, төтенше жағдайларда қажет тауарлар, арнайы және автомобиль техникалары, шатырлар мен төсек орынмен жабдықталған. Сонымен қатар резерв қоймаларында тіршілікке қажетті басқа да заттар бар», - деді Руслан Ормағамбетов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет өкілінің мәліметіне сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдайдың алдын алу және жою үшін Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облысына мемлекеттік материалдық резервтен (7 сәуірдегі жағдай бойынша) 51 арнайы техника жөнелтілді. Одан бөлек, су тасқыны зардабын тартқан 15 400 адам төсек-орынмен қамтылды (1 млрд 474 млн теңге). 

«Сонымен қатар су тасқынына байланысты төтенше жағдайлар салдарын жою бойынша шаралар қабылдау үшін ШҚО әкімдігіне мемлекеттік материалдық резервтен қосымша көмек беру мәселесі пысықталуда. Мемлекеттік материалдық резервтен берілетін техникалар қауіптің алдын алу мен жоюға бағытталады», - деп толықтырды спикер. 

Су басқан өңірлерге жіберілген тауарлар өңірлердегі мемлекеттік материалдық резервтер филиалдарында орналастырылып жатыр.

Фото: Александр Павский / Kazinform