Жетісу университетінде Huawei ICT академиясы ашылды

Уақыты: 08.04.2024
Оқылды: 275
Бөлім: КҮНДЕРЕК

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Huawei ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар академиясының ашылуы өтті. Шараға Жетісу облысы білім басқармасының басшысы Сүлейменов Марат, Цифрлық және мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру департаменті директорының орынбасары Ұлан Несіпқалиев, ЖУ университетінің оқытушылары мен студенттері, Huawei компаниясының өкілдері қатысты.

Университет пен компания арасында ынтымақтастық орнату жөніндегі меморандумға ЖУ Басқарма төрағасы-ректор Ермек Бурибаев пен Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы  бас директорының орынбасары Xu Hai қол қойды.

Меморандумда IT және телекоммуникация саласында жоғары білікті мамандарды даярлау, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми зерттеулер жүргізу және инновациялық өнімдер жасау  көзделген.

«Huawei Technologies Co. Ltd. - телекоммуникация саласындағы ірі  компаниялардың бірі. Біз әлемдегі барлық университеттерге өз қызметімізді ұсынамыз. Бұл академия студенттерді  инфокоммуникациялық технологиялар саласында тереңірек оқыту үшін әзірленген   халықаралық білім беру бағдарламасы.  Huawei академиясының Жетісу университетінде ашылғанына өте қуаныштымын. Алдағы уақытта нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін» -деді Xu Hai  мырза.

Huawei орталығы заманауи телекоммуникациялық құрылғылармен және бағдарламалық өнімдерімен толық  жабдықталған. Академияда Жетісу университетінің студенттері, IT саласының мамандары  ақпараттық технологиялар мен телекоммуникация бойынша білім алып, біліктілігін арттыратын болады. Сонымен қатар университет оқытушылары мен студенттері Huawei компаниясының бөлімдерінде тағылымдамадан, өндірістік және ғылыми-зерттеу тәжірибелерінен өте алады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі