БАТЫС ҚАЗАҚСТАНҒА КӨМЕК ЖІБЕРІЛДІ

Уақыты: 08.04.2024
Оқылды: 312
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Су тасқыны биыл елді әбігерге салды. Тілсіз жаудың салдарынан көптеген ауылдың тұрғындары жан сауғалап, үдере көшті. Су алған өңірдің үйлері тұруға жарамсыз болып қалды. Қарғын су әлі де толастар емес.


Су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгін мен еліміздің азаматтарына арнайы Үндеуімді жолдап отырмын. Баршаңызға белгілі,  қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады», – деп елдегі жағдайдың ауырлығына тоқталды. Бұл орайда үйсіз-күйсіз қалған халыққа көмектесу елдігімізге сын. Біздің облыс тұрғындары да зардап шеккен өңірлердің халқына жан-жақты көмек көрсетуде. Кеше Жетісудан Батыс Қазақстан облысына әлеуметтік-гуманитарлық көмек жіберілді. Үш көлікке тиелген 85 тонна ұн, макарон, қант және күнделікті  қажетті заттар, төсек-орын алыстағы ағайынға жолданды.

Облыстың мемлекеттік қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударса, кәсіпкерлер де атымтай жомарттық танытуда. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков:
– Батыс Қазақстан облысына кәсіпкерлер 150 млн. теңгеге жуық қаржылай көмек жіберді. Кербұлақ цемент зауыты 1000 тонна цемент жіберетінін айтты. «Мейірімді Жетісу» волонтерлық фронт офисі мен «Аманат» партиясының Жетісу облыстық филиалы 10 ауданда көмек-пункттің ашылуына ұйытқы болып,  азық-түлік, киім-кешек жөнелтті. Жалпы Жетісу жұртшылығы  тасқыннан зардап шеккен облыстарға 200 млн. теңгеге жуық қаржы аударды, – деп Жетісу жерінің жанашырлығын таныстырды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді», – деген еді. Бүгінгі ел-жұрттың су тасқынынан зардап шеккен аудандарға жан-жақты көмек көрсетіп жатқандығы, Мемлекет басшысы айтқандай, қиындықты бірге еңсеретініміздің дәлелі.

Гүлжан ТҰРСЫН