Бір аптадан соң Орал қаласын да су басуы мүмкін

Уақыты: 09.04.2024
Оқылды: 360
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл 15-20 сәуірде Ресейден тасқын су келіп, Орал қаласы мен 4 ауданға да су басу қаупі төніп тұр. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов айтты.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Halyq Uni сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, өңірде су тасқыны қаупі сейілмеген.

Орал қаласы мен 12 ауданның 8-інде жағдай тұрақталды. Алайда қазір облыс орталығы мен Жайық өзенінің бойында орналасқан 4 аудан: Ақжайық, Бөрілі, Бәйтерек және Теректіге қауіп төніп тұр. Ондағы 90-нан аса елді мекенде 80 мыңнан аса адам тұрады. Ресейдің Челябі, Орынбор облыстарынан Жайық өзеніне түсетін судан қауіп бар. Жалпы БАҚ-та Орынбор облысының Орск қаласында су тасқыны болғаны хабарланды. Ондағы су Батыс Қазақстан облысына келе жатыр, - деді облыс әкімінің орынбасары ОКҚ-да өткен брифингте.

Қалияр Айтмұхамбетов аталған өзеннің бойында Ириклин су қоймасы бар екенін еске салды. Осыдан бірнеше күн бұрын бұл қоймадан 2 170 текше метр су ағып келген.

Бүгінде өзендегі судың деңгейі 1 500 текше метрге дейін азайды. Бірақ бұл әлі көп саналады. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр жыл бойы су қоймасынан секундына 15 текше метр су ақты. Осыны ескерсек, өңірге үлкен көлемде су келе жатыр. Оның үстіне, ол су жол бойындағы Сакмара, Елек, Шыңғырлау өзендеріне құйылады. Мұнда да су толып тұр. Жалпы, үлкен су облыс аумағына 15-20 сәуірде келеді деп болжап отырмыз. Жайық бойындағы елді мекендерге бар күшті салудамыз. Қазір 4 аудан мен қалада 300-ге жуық арнайы техника жұмыс істеп жатыр, - деді ол.

Сөз соңында әкімнің орынбасары Жайық өзенінде де судың деңгейі көтеріліп жатқанын атап өтті.

«Өткен тәулікте өзендегі судың деңгейі 7 см-ге өсті. Жалпы бүгін таңертең Жайық өзеніндегі судың деңгейі 710 см болса, қауіпті деңгейі – 850 см», - деді Қалияр Айтмұхамбетов.

Фото: kazpravda.kz