Дәрілік заттарды таңбалау

Уақыты: 11.04.2024
Оқылды: 241
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық сауда кеңесінің отырысы аясында дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу мәселесі талқыланды.

Жиын көтерме сауда ұйымдары мен дәріханалар желісі өкілдерінің қатысуымен өтті. Айта кетейік, өткен жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен таңбалауға жататын тауарлар тізбесіне өзгеріс енгізілген болатын. Онда барлық дәрілік заттар биылғы 1 шілдеден бастап міндетті түрде таңбалауға жатады. Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалап отыру дәрілік препараттардың сапасын фармакологиялық қадағалау мен бақылаудың тиімділігін арттыру, дәрілік заттардың өндіріс кезеңінен соңғы тұтынушыға дейінгі кезеңді мониторингілеу, заңсыз айналым, оның ішінде жалған өнімге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында енгізіледі.

Бұл тетік дәрілік заттарды сатып алуды ұтымды пайдалануға және жоспарлауға, сондай-ақ, тұтынушыны  шынайы дәрілік затпен қамтамасыз етуге  ықпал етеді. Облыс бойынша интеграциямен қамту небары 18,4 пайыз немесе дәрілік заттарды таңбалауға және қадағалауға қатысатын 374 дәріхананың 69-ын құрайды. Өңірде 58 медициналық ұйым «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалымен медициналық қызмет көрсетуге шарт жасасты, оның 28-і облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты.

Денсаулық сақтау басқармасы облыстық медициналық ұйымдары бойынша дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау үшін қажетті жабдықтарға талдау жүргізді. Аталған талдаудың қорытындысына сәйкес таңбалауға арналған жабдыққа жалпы қажеттілік 9 млн. теңгеден асты.

 – Бүгінгі таңда барлық 28 медициналық мекеме 143 бірлік 2D сканер, сондай-ақ 18 медициналық ұйым 26 бірлік деректер жинау терминалын сатып алды, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Надима Белтаева.

Отырыс аясында бірқатар ұсыныс айтылды. Мәселен, салалық сауда кеңесінің төрағасы Еділ Қазақпаев шағын және шағын бизнес кәсіпкерлерін дәрілік заттарды бөлшек саудада тауарларды таңбалау мен қадағалау ақпараттық жүйесіне ерікті түрде тіркеуді енгізу жөнінде ұсыныс жасады.

Сондай-ақ, ол тауарға ілеспе жүкқұжат және ЭШФ модуліндегі электрондық шот-фактураны сандық қайталаудың қажетсіздігіне байланысты бөлшек сауда үшін дәрілік заттарды қабылдау, тапсыру актілерін растауды алып тастау, нұсқа ретінде АЕК растау мерзімін 1 күннен 20 күнге дейін ұлғайту, тағы бір ұсыныс қабылдау, тапсыру актілерін растау жүйесін жеңілдету және 10-16 күнде дәрілік заттарды айналымнан автоматты түрде шығаруды қамтамасыз ету маңызды екенін айтып, ой қорытты.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Фото: gov.kz