Талдықорғанда тағы бір жаңа мектеп бой көтереді

Уақыты: 19.04.2024
Оқылды: 183
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Өтенай ауылының тұрғындарымен кездесті.  Жиналған қауым алдында сөз алған шаһар басшысы алдымен бүгінгі күнге дейін өңірдегі ауыл-аймақты дамыту бағытында атқарылған істерді тілге тиек ете келіп, биылғы жылдың тың жоба-жоспарларымен бөлісті.

Ернат Дүйсенбекұлының сөзінше, Жетісу облысының орталығына қарасты Өтенай ауылына Еңбек, Мойнақ, Пригородный, Ынтымақ, Жастар сынды бірнеше елдімекен қарайды. Жалпы халық саны 15 мыңнан асады. Өткен кездесулерде аймақ тұрғындары тарапынан біраз өтініштер түсіп, өзекті мәселелер көтерілген. Қойылған сауалдар негізінен білім, денсаулық, спорт, мәдениет,  ауылшаруашылығы басқа да әлеуметтік салалар мен   жол, құрылыс, газ тартуға қатысты. Тұрғындардың өтінішіне сай, былтырғы жылы мұндағы қоғамдық көліктердің жүру кестелері реттеліп, ауыл көшелеріндегі бірқатар жолдарға күрделі және ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге Ынтымақ, «Жастар -1» шағын ауданын газбен жабдықтау ісі  қолға алынып, «Жастар-2» шағын ауданы көгілдір отынға қосылған.

 – «Ал, биылғы жылы Өтенай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салу жұмыстары қолға алынумен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Жастар 2» тұрғын үй алабынан 900 орынды жаңа мектептің құрылысы басталады. Бұдан бөлек, наурыз айынан бастап Мойнақ ауылына газ желісін тарту жұмыстары жүргізілуде»,  – деді  қала әкімі.

Осыдан соң округ тұрғындары қойған әр сұрақты мұқият тыңдап, тиісті жауап беріп, жауаптыларға тиімді жағын қарастыра отырып, шешуді тапсырған шаһар басшысы ауылдарды дамытуға бағытталған жобалар әлі де жалғаса беретінін жетізді.

                                                                                Айдын КӘЛІМХАН