ОҚУШЫЛАР БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ

Уақыты: 19.04.2024
Оқылды: 320
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қоршаған ортаны аялау, табиғатқа қамқорлық көрсету тәрбиеден басталады. Ал, тәрбие – тал бесіктен. Ағаш қисығы бұтағында түзетілмесе, бойы биіктеп, жеміс берер сәтінде қалыпқа келтіру қиын. Сондықтан өңірімізде айналаға жанашырлықты қалыптастыру мектептен басталуда. Мәселен, «Киелі мекен» республикалық экологиялық акциясында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының өкілдері белсенділік танытуда.


Көксу ауданы, Мұқыры елді мекенінде 50-ден астам жас сарбаз  ауылдық Мәдениет үйі маңындағы Екінші дүниежүзілік соғысы батырларына қойылған ескерткіш маңын тазартып, бабалар рухына тәу етті.
 – Мұқыры ауылынан зұлматты соғысқа 300 тұрғын аттанып, оның 150-і ғана аман-есен оралды. Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмге қарсы айқасқан ерлердің батырлығын, отансүйгіштігін ұрпақ жадында жаңғырту үшін осындай шара жиі өтеді. Мектебімізде 447 оқушы болса, «Жас сарбаз» клубына 5-11-сынып оқушылары мүше. Білімнің құдығын қазып жатқан әрбір баланы осында жиі әкеліп, тағылымды әңгімелер айтылады, – дейді Қ. Жапсарбаев мектебінің директоры Бағлан Нұрлыбеков.

Балалар ескерткіштің маңайын  қураған шөптерден тазартты. Акцияға үн қосушы 10-сыныптың оқушысы Әліби Қуанышұлы тазалық тәрбиемен берілетінін, ескерткіш маңын тазартуда үлкен әсер алғанын жасырмады.
 – Бабаларымыз «ұрпағым тыныш ұйықтасын» деп соғыста жан алысып, жан берісті. Туған топырағына жетпегені қаншама?! Осындай мамыражай заманды аманаттап қалдырған бабаларға тәу ету, оларға арналған ескерткіш маңын тазарту бізге парыз, – дейді мектеп оқушысы.

Айта кететін жайт, ауыл азаматтары да ескерткішті жаңғыртуды қолға алыпты. Жергілікті меценаттар 500 мың теңге бөліп, 2012 жылы бой көтерген, қазір өңі қаша бастаған обелиск алаңын қалыпқа келтірмек. 

Ұрпақ сабақтастығы Ескелді ауданында да жалғасты. Еңбектен тау тұрғызған Н. Алдабергенов ауылында «Жас ұлан» жасағы орталықта орналасқан аллеяда «Киелі мекен» акциясына үн қосты. Мұнда 50-ге жуық оқушы ескерткіштер саябағын тазартты. Бұрымдылар 20 Еңбек Ерінің бюстін шаң-тозаңнан тазартса, жігіттер аллея аумағын айнадай етті.

 – Туып-өскен ауылын әр азамат таза ұстауы керек. Әрбір бала өсірген отбасы ұрпағының санасына осы ұстанымды сіңірсе, нұр үстіне нұр болар еді. Болашақта сәулет өнерін дамытатын маман боламын, сол кезде ауылымды одан әрі көрікті етуге еңбектенемін, – дейді Айзат Амандас.

Көктемгі тазалық акциясы басталғалы ауыл ішінен 200 тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, елді мекен маңындағы арық-каналдар тазартылған. 

Дастанбек САДЫҚ