ӨЗІҢ ҚАНДАЙ БОЛСАҢ, БАЛАҢ СОНДАЙ

Уақыты: 20.02.2019
Оқылды: 1816
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әр бала үшін дүниеде ең білімді де мәртебелі адам - оның ата-анасы. Сондықтан, жас баланың дамуында ата-ананың орны ерекше. Өзіміз қандай болсақ, балаларымыз да сондай болып өседі. Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ата-аналар мен жасөспірімдер арасындағы әріптестік пен сенімді нығайту мақсатында «Қуатты отбасы» бағдарламасымен жұмыс істеу басталды.

Осы жобаға сәйкес, психологтар мен мектеп кураторлары 7-сынып оқушыларымен және олардың ата-аналарымен отбасылық кездесулер өткізуде. Бұл бағдарламаны Ұлыбританияның Оксфорд Брукс университетінің Денсаулық және әлеуметтік қамтамасыз ету мектебі құрды. Айова штатында сапалы зерттеулер жүргізіліп, отбасылық бағдарламаның тиімділігі зерттелді.

Курс жеті бөлімінен тұрады. Осылайша, мектеп қабырғасында «Махаббат және шектеу» тақырыбында алғашқы сабақ өтті. Ата-аналар балаларына өздерінің жылы сезімдерін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар, белгілі бір шектеулерді қоюды үйренді. Оқушылар болса, «Мақсат пен арман» тақырыбында жұмыс істеді.

Мектеп психологі Әсем Оспанованың айтуынша, курс жеті аптаға созылады. Бағдарлама ата-аналарды өз балаларымен тіл табысуға үйретеді, отбасында достық атмосфераны құруға көмектеседі, балалардың жасөспірім кезеңінде дұрыс дайындалуына көмектесудің көптеген жолдарын ашады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"