ҰСТАЗДАР ҮЙІН САЛУ ТУРАЛЫ БАСТАМА КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 05.03.2019
Оқылды: 1158
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Аналар мерекесі қарсаңында Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Алматы облыстық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров жемісті жұмыс жасап жүрген бірқатар нәзікжанды құттықтады.

– Жыл сайын мереке қарсаңында әйел-аналарға құрмет көрсететін дәстүріміз бар. Бұл жолы білім саласы бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрайымдарын шақырып отырмыз. Әйелдердің қоғамдағы орны зор екенін білесіздер. Әйел отбасының ұйытқысы болумен қатар мықты маман, іскер жан. Ұстаздық жолда жүрген сіздердің арқалаған жүктеріңіз тіпті де зор. Мұнымен қатар кәсіподақ жұмысын да жүргізіп келесіздер. Демек, үлкен бір ұжымның сенімін арқалап отырсыздар. Бүгінгі біздің мақсатымыз – мұғалімдердің құқығын қорғау, жұмыс бабында орын алған келеңсіздіктер болса, соның оңды шешілуіне ықпал ету, көмекті қажет ететін ұстаздарға жан-жақты қолдау көрсету. Осы орайда Ұстаздар үйі салынса деген бастама көтерудеміз. Бүгінде облыс орталығына білімін арттыру үшін қаншама педагог келіп кетеді. Олар үшін жайлы жағдай жасалуы керек. Жатын орны, асханасы, ертеңгі сабаққа  дайындалатын кітапханасы болуы керек. Жалпы алғанда, әрбір педагог екі-үш жыл сайын білімін толықтыруы қажет. Осы тұрғыдан алғанда Ұстаздар үйін салудың қажеттілігі артып тұр. Әйтпесе, оқуға келген мұғалімдер пәтер жалдап, оған қаншама қаржы шығындап, әбігерге түсуде, – деді ол.

Бұдан соң бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрайымдарына Алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыс етті.

Бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана, Сарқан ауданы, Екіаша орта мектебінің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Бақытгүл Жақанаеваға айрықша құрмет көрсетілді. Шара соңында әнші-сазгер Бақберген Асқарбеков әсем ән тарту етіп, нәзік жандардың көңілін бір серпілтті.

Осылайша отбасында бала тәрбиелеп, жұмыста да абырой биігінен көрініп жүрген аналардың құшағы гүлге толып, мерекеде мерейлері арта түсті.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ