МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕСКЕЛДІ БИДІҢ КЕСЕНЕСІНЕ БАРДЫ

Уақыты: 03.05.2019
Оқылды: 1201
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жетісу жеріне жасаған сапары он сегіз әулие-әмбие жатқан Қаратал ауданында жалғасты. Қасым-Жомарт Кемелұлы ауданды араламас бұрын Ескелді би кесенесіне барып, әулие бабаның рухына құран бағыштап, тағзым жасады.

Мұнан кейін республика бойынша бірінші болып ашылған «Сервистік әкімдік» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мемлекеттік мекеме қызметімен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай әдіс мемлекеттік қызметшілердің жаңа ұйымдастырушылық мәдениетінің көрсеткіші екенін, азаматтарға сапалы, жедел және жайлы жағдайда қызмет түрлерін алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазақстан Президенті кабинеттік жүйеден «Open Space» форматына өту мемлекеттік органдардың ашық әрі қолжетімді жұмыс істеуіне жол ашатынын тілге тиек етті.

Бұдан кейін Президент Үштөбе қаласындағы Кемел Тоқаев атындағы мектепке барды. Мемлекет басшысы білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасымен танысып, информатика, робот техникасы кабинеттерін, мектеп кітапханасы мен музейін аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларымен және ұстаздармен әңгімелесу барысында еліміздің экономикасы мен ғылымын дамытуға септігін тигізетін сапалы білім алу жастардың негізгі міндеті екенін атап өтті. Қазақстан Президенті оқушыларды Отанымыздың лайықты азаматы болуға шақырып, оқуларына табыс тіледі.

Педагогтар мен оқушылар Мемлекет басшысына білім жүйесін үнемі назарда ұстайтыны үшін алғыс білдірді. Аталған мектепке 1996 жылы соғыс ардагері, жазушы Кемел Тоқаевтың есімі берілген.

Мемлекет басшысы облыстағы ауылшаруашылығы жұмыстарының жүргізілу барысын танысу мақсатында «Қаратал-Агро» сервистік дайындау орталығына барды. Мұнда көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысып, ауылшаруашылығы техникаларын аралап көрді. Сервистік орталықтың құрылғанына небәрі бес жыл ғана болған. Осы уақыт ішінде он үш ауданды қамтып, шаруа қожалықтарына көптеген жеңілдік көрсеткен. Осының арқасында 12 675 жаңа жұмыс орны ашылып, оның 675-і тұрақты жұмыс орны болса, қалғаны маусымдық. Сонымен қатар, 1 106 ауыл шаруашылық техникасы мен шаруашылық құрылғылары лизингке берілген. Осындай жағымды жаңалықтарды орталық жетекшісі Рахим Каримов баяндап берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Жетісу жерінде ауылшаруашылығын өркендетіп отырған ірі кәсіпорын басшылары мен шаруа қожалықтырының жетекшілері қарсы алып, жұмыстары жайлы толық ақпарат берді. Бірінші болып Қазақстан Еңбек ері, «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Үшкемпіров мемлекет тарапынан істеліп жатқан жұмысқа, шағын және орта бизнеске, жалпы ауылшаруашылығына көрсетіліп жатқан қолдауға алғысын білдіріп, өңірді өркендетуге өз үлестерін қосатынын жеткізді. «Байсерке-Агро» ЖШС директоры Темірхан Досмұханбетов та облыста жүгері өсіру қарқынды дамып келе жатқанын, қант қызылшасын өсіруде жоғары көрсеткішке ие екенін және жалпы дәнді дақылдардың сапалы сорттары өсіріліп, экспорттық жүйені қолға алғанын тілге тиек етті.

«Кең дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев: "Елбасының тапсырмасы бойынша Көксу ауданында шағын шаруашылықтырдың басын біріктіріп, жер көлемін 500 гектарға ұлғайтып, мемлекет тарапынан 200 млн. теңге көлемінде субсидия алып, керекті жаңа заманауи техникамен жабдықтадық", - деді.

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар әлі де болатынын жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Орта Азия бойынша ауылшаруашылығына жыл сайын 800 млн. теңге субсидия бөлетін жалғыз мемлекет екенін мақтанышпен айтты.

Қазақстан Президентіне облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсеткіштері, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы жөнінде баяндады. "Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС төрағасы Закиржан Кузиев: "Жүгері өңдеу жоғары деңгейге жетті. Бұрын 10 мың тонна болса, қазір 150 мың тоннаға дейін өңдеп, өнімнің 27 түрін өндіреміз", - деді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің жұмысын жоғары бағалап, оларға табыс және жаңа жетістіктер тіледі.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы