"ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ ҚАРСЫ ТҰРДЫ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 12.12.2019
Оқылды: 1319
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Желтоқсан көтерілісіне қатысушылармен кездесу өткізді. Кездесу еркін ауанда өрбіді. Жиын төрағасы Желтоқсандағы жастар толқуы Қазақстанда зайырлы, құқықтық, демократиялық мемлекет орнауына жол ашқандығын айтты.

- Біз егемендік алғаннан бері сол жолдан ауытқымай, алға басып келеміз. Бүгін бүкіл әлем Қазақстанды танып, оның жетістігін үлгі етсе, жақсылықта сіздердің де үлестеріңіз қомақты. Сол 1986 жылғы оқиға ұлт тарихында өшпес із қалдырды. Көптеген жастар жазықсыз жазаға кесілді. Соған қарамастан олар әділетсіздікке қарсы тұрды. Ерліктің арқасында тәуелсіздіктің таңы атты, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Расында да, Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухты оятып, кешегі одақтас республикалардың барлығының егемендік алуына мұрындық болды. Жастар бар болғаны әділеттілік, теңдік, тәуелсіздікті қалады. Көтеріліс қазақ халқының ұлттық санасын серпілтіп, тәуелсіздікке қол жеткізуіне оң әсер етті.

Жыл сайын Желтоқсан қозғалысы болған уақыт қарсаңында азаттық жолында құрбандар еске алынып, тағзым етіліп, кездесулер өткізіледі. Бүгінгі шара соның жалғасы. Қазақстан бүгінде экономикасы дамыған, ынтымағы жарасқан елдердің қатарында. Егемендік алғаннан бері сол жолдан ауытқымай, алға басып келеді.

Жетісулықтар 2019 жылды жақсы жетістікпен аяқтағалы отыр. Бұл жөнінде аймақ басшысы биыл облыс өнеркәсібінде 858,0 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 105,5 пайызды құрағандығын айтты. Амандық Ғаббасұлының айтуынша, ауылшаруашылығында жалпы өнім 798,5 млрд. теңгені құрап, жетістік еселене түскен. Облыс экономикасына 521,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 46 мың жаңа жұмыс орыны ашылғандығы ауыз толтырып айтатын жаңалық.

- Мұның барлығы тату-тәтті тірліктің жемісі. Осы жақсылық, қуаныштарға жетуге сіздер де зор үлес қостыңыздар. Алдағы уақытта да еліміздің көркейіп, гүлденуі үшін аянбай еңбек ететіндеріңізге сенеміз, – деді ол.

Жиында «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермұхан Жүнісхан сөз алып, облыс тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің жақсарып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

- Бүгінде Қазақстан экономикасы орныққан, ынтымағы жарасқан еңселі елдер қатарында аталады. Сондай-ақ, өңіріміздің қарқындап дамығаны бәрімізге де белгілі. Облыс бойынша ауыз толтырып айтарлық табыстар өте көп. Ал атқарар міндеттеріміз бен шаруаларымыз бұдан да ауқымды. Ел іргесі бүтін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мынадай заманда бүгінімізге қанағат, өткенімізге салауат айтамыз, - деді бірлестік төрағасы.

Желтоқсаншы Ләззат Жапашева «Талдықорғанда Желтоқсанға қатысып, шейіт болғандарға тағзым етіп, гүл шоғын қоятын орын болса, ескерткіш орнатылса» деген ұсыныс айтты. Облыс әкімі ұсынысты қабыл алып, «Жастар» саябағындағы Тудың қасына желтоқсаншыларға арнап тақта орнатылатынын жеткізді. Сондай-ақ, желтоқсаншылардың үйіне табиғи газ  қосуда жеңілдік жасалса деген ой айтылды. Ол да субсидия бөліну арқылы шешімін табатын болды.

Жиында ел, жер, елдің болашағы жайлы ойлар ортаға салынды. Сондай-ақ, басты байлық татулықты сақтаудың құндылығы жайлы сыр шертілді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы