КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА ТАҒЫ ЕКІ АДАМНАН КОРОНАВИРУС ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 20.04.2020
Оқылды: 935
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Алматы облысында коронавирусқа зертханалық тексеру барысында тағы 3 адамның ауырғаны белгілі болды. Оның 2-еуі Кербұлақ, 1-еуі Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кербұлақ ауданының 1973 және 1991 жылы туған тұрғындары - бұған дейін 17 сәуірде ауырған сырқатпен байланыста болғандар. Ал Еңбекшіқазақ ауданында сырқаты тіркелген 2006 жылғы жасөспірімнің әзірге вирусты кімнен жұқтырғаны белгісіз. Анасының айтуынша, баласы ешкіммен байланыста болмаған.

«Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Алматы облыстық филиалында үш пациентке жасалған лабораториялық зерттеулер оң нәтиже көрсетті. Қазір олар Еңбекшіқазақ аудандық көпсалалы ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылды.

Сырқаттармен байланыста болғандар саны – 24. Солардың ішінде үй жағдайында байланыста болған 12-сі үй карантиніне алынса, сыртта қарым-қатынас жасаған 12-сі провизорлық стационарға жатқызылды. Олардың барлығынан вирусологиялық анализ алынды.

Жалпы, Алматы облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 20 сәуір, сағат 00:05-тегі жағдай бойынша 44-ке жетті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды