"МЫҢ ҚҰБЫЛАДЫ": ПАНФИЛОВ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫН СУ ТАСҚЫНЫ АЛАҢДАТАДЫ

Уақыты: 25.04.2020
Оқылды: 1829
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Апат айтып келмейді». Ғайыптан келген жұқпалы індеттің бетін қайтара алмай жатқанда, еліміздің әр-әр жерінде еріген қар суы өзеннің арнасынан асып, елді әуре-сарсаңға салуда. Өңірлерде өзендердің жағалауын нықтап, табиғи апатқа жауапты мекемелердің жұмысын ширатып, ел ішінде түсіндіру, ұйымшылдыққа шақыру шаралары басталып кетті.

Бұл іс Панфилов ауданында да жандандырылған. Аудан басшылығының айтуынша, басты нысана – өңірде су тасқыны бола қалған жағдайда қорғану шараларын шұғыл әрі сапалы ұйымдастыру. Тасқынның салдарын жедел жою, аудан тұрғындары мен олардың мал-мүлкін аман сақтаудың жоспарларын жасап, төтенше жағдайға қарсы қарекет ететін міндетті мекемелердің дайындығын күшейтуді бақылауға алатын арнайы комиссия құрылған.

Азаматтық қорғаныс лейтенанты Бекзат Баймолдаевтың айтуынша, таудың құзар шыңындағы мұздақтардан бастау алатын Қорғас, Өсек өзендерінің арнасындағы су ауа райының бірде жылынып, бірде салқындауына, жауын жауғанына байланысты мың құбылады.

Бәрінен де осы қауіпті. Әдетте жазиралы Жаркент өңірінің өзендері шілде айының алғашқы онкүндігінде ғана мінез танытатын. Биыл тауға қардың қалың түсіп, сәуір айында күннің күрт жылынуымен өзен суы жылдағы жадыраңқы мінезінен жаңылып, өңірдегі барлық өзендердің суы екі-үш есеге көбейген. Әсіресе, Қорғас, Өсек, Бурақожыр, Шежін өзендерінде сел тасқынының қаупі сейілмей тұр. Бұларда орташа жылдық су ағысы 15 миллиард текше метрге жеткен. Су тоспалары бұзылған жағдайда 12 мың шаршы метр жерді сел алуы мүмкін.

Ауданда су тасқынына қарсы шараларды жасау үшін 10,5 миллион теңге жанармайға жұмсалмақшы. Сонымен қатар, Өсек өзенінің жоғарғы жағындағы арнасын түзеу мен жағалауларын нықтауға 7,5 миллион теңге игерілді. Тышқан өзенінің Жиделі ауылының тұсындағы жағалауын нықтауға 241 миллион теңге бөлінді.

Жалпы тасқынға қарсы қарекет ойластырылған. Сақтық шаралары тыңғылықты, тек табиғаттың тосын мінезіне жоспарлағандай әзірлік әлсіремесе болғаны.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды