АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТОҒЫЗ АДАМ ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙДЫ

Уақыты: 21.11.2020
Оқылды: 946
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында 9 адам қар құрсауында қалып қойып, төтенше жағдай қызметкерлерінің арқасында барлығы құтқарылды. Бұл жайында "Жетісу" газеті облыстық төтенше жағдай департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» тасжолында құтқару жұмыстарын жүргізді. Достық бекетіндегі №20 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері «Ырғайты» мен «Жалаңашкөл» учаскелері арасында үш адамды қар құрсауынан құтқарды. Сол күні кешке қарай 112 телефонына «Ырғайты» учаскесінің маңында адамдарды эвакуациялау қажеттігі туралы хабарлама түсті.

Оқиға орнына Ақши ауылынан Алакөл өңірінің құтқарушылары барды. Олар 6 адамды, оның ішінде, 1 баланы құтқарды. Құтқарылғандардың барлығы медициналық көмекке мұқтаж болмады.

Естеріңізге сала кетейік, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалы мен «Казахавтодор» ЖШС Алматы облыстық филиалының ақпараты бойынша, 20 қарашада сағат 16.30-дан бастап қарлы боран салдарынан республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» жолында (84 шақырымнан 184 шақырымға дейін) көлік қозғалысы барлық транспорт түрлеріне жабылған болатын. Осы ақпаратты Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға SMS, "Darmen" ұялы қосымшасы, сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы ескерткен еді.

Құтқарылған жолаушылар жол жабылғанға дейін шығып кеткен. Қыста жолдарда төтенше жағдайларды болдырмау үшін төтенше жағдайлар департаменті ауа райының өзгеруін, метеорологиялық есептерді қадағалауға, 112 қызметінің SMS хабарламаларын назардан тыс қалдырмауға және егер ауа райы нашарлап, жолда көлік қозғалысына шектеу енгізілсе, жолға шықпау керектігін ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан