ЖЕМШӨПКЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Уақыты: 03.07.2021
Оқылды: 1499
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Төрт түліктің қысқы азығын қамдап алуға ерте қамданып, оны дайындау – бүгінгі күннің басты талабы. Науқан басталғалы шөп таситын жүк көліктері Балқаш ауданына ағылып келуде. Осыдан-ақ біздің шөпке деген сұраныстың жоғары екенін аңғаруға болады. Мал азығын қамдау ауа райына тікелей байланысты десек, жоңышқа дайындау  ісі де оңай емес.

Биылғы күннің аптап ыстығына қарамастан өңірде мал азығын дайындау жұмысының қарқыны жоғары. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінен алған мәліметке сүйенсек, аудан көлеміндегі суармалы жерден бүгінге дейін 11500 тонна пішендеме дайындалды. Көпжылдық шөп 12362 гектар жерге егілсе, оның 11522 гектары шабылып, 10379 гектары бастырылды. 
Бүгінде шөп шабу науқаны бойынша «Бірлік» агрофирмасы» ЖШС көш бастап тұр. Оларда егілген көпжылдық шөп көлемі 2744 гектар болса, шабылып, бастырылған шөптің жер көлемі 2698 гектарды құрап отыр. Аталған шаруашылық 150 гектар жерден 3000 тонна пішендеме дайындаған. 
1778 гектар жерге көпжылдық шөп еккен «Динара» ӨК-і бүгінге дейін 1710 гектар жердегі шөпті шауып, оның 1495 гектарын бастырып алды. Бұл шаруашылықтағы 380 гектар жерден 8500 тонна пішендеме дайындалған. Барлығы 1827 гектар жерге көпжылдық шөп еккен «Тамшы-Бұлақ» ЖШС еңбеккерлері 1780 гектар жердегі көпжылдық шөпті уақытылы шауып, 1630 гектарын бастырып үлгерді. «Өтес-Ақдала» ЖШС 1124 гектар жерге көпжылдық шөп егіп, 910 гектарын шауып алып, 630 гектарын бастырды. 
Бұдан кейінгі орындарға «Өтес» агрофирмасы, «Миялы Агро» АӨК, «Әлмес» ЖШС, «КИЗ МТС» ЖШС, «Бауыржан-7» ЖШС, басқа да шаруа қожалықтары тұрақтады. «Бауыржан-7» ЖШС-індегі көпжылдық шөп егілген жер көлемі 180 гектарды құраса, бүгінгі күнге дейін оның 180 гектары шабылып, 165 гектары бастырылды. Аудандағы шөп дайындау жұмысына келер болсақ, бірінші орылым аяқталуға таяды. 

Алтынай СЕЙТКЕН
Балқаш ауданы