НҰР-СҰЛТАННАН КЕЛГЕН ДЕПУТАТТАР АҚСУ ҚАНТ ЗАУЫТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН КӨРДІ

Уақыты: 10.07.2021
Оқылды: 871
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Данияр Әлімбаев, Әлия Әбсеметова, Мақпал Тәжмағамбетова, Айгүл Құспан, Жанарбек Әшімжан, Жанна Телпекбаева жұмыс сапарымен Ақсу ауданына келді. Жетісу өңірінен сайланған депутаттар алдымен Жансүгір ауылындағы «Акѕu Kant» зауытына барды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Мәжіліс депутаттарын «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева, «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамы басқарма басшысының орынбасары Азамат Рахимов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов, «Акѕu Kant» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Самат Нәдірбаев, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлік бөлімі қызметкерлері мен партиялықтар қарсы алып, зауыт жұмыстарымен таныстырды.

Депутаттар зауытты толықтай аралап шықты. Айта кетейік, аталған зауыт мемлекеттік қолдаудың арқасында қант саласында қайтадан қалпына келтірілген алғашқы кәсіпорынның бірі. Басты ерекшелігі сол – барлық өндірістік желі автоматтандырылған. Мәселен, жаңа буландыру стансысының арқасында энергия тасығыштардың шығындары 30 пайызға қысқарыпты.

Зауытты аралау барысында Мәжіліс депутаттарын қант зауытындағы құрал-жабдықтардың 80 пайызы жаңаланып, толық автоматтандырылғаны қуантты. Маусым кезінде бұл жерде 400-ден аса адам жұмыс істейді. Аталған зауыттың бас директоры Самат Нәдірбаевтың сөзінше, зауыттың өндірістік қуаты бір маусымда 450 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы. Сондай-ақ, зауыт жемшөп нарығында жаңа өнім саналатын сығымдалып, пакеттелген жом шығара бастаған. Қант зауыты одан әрі жаңғыру барысында маусымаралық уақытта қант құрағын өңдеп, жыл бойы жұмыс істеу жоспарлануда.

Мәжіліс депутаттары зауыттағы жаңғыру жұмыстарының қарқыны мен шығарылатын өнімдерінің ауылшаруашылығында қолданылатынына қолдау танытып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтыған зауыт басшылығына алғыстарын білдірді. Соңында бүгінгі күні шешімін таппай тұрған бірқатар күрделі мәселелерді зауыт және аудан басшылығы, жалпы тұрғындар «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы мүшелерінің назарына ұсынды. Мысалы, онда Ақсу, Бүйен өзендеріне су қоймасы мен ирригациялық жүйелер жүргізу қажет екендігі айтылса, аудандық аурухана директорының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Байқадам Құрымбай ауруханаға аса қажет компьютерлік томография құрылғыларын орнату мәселесін көтерді. Кездесу барысында қойылған бірқатар сұрақ, өтініштер Мәжіліс депутаттарының назарына алынды.

Мәжіліс депутаттары бұдан соң Жансүгір ауылында жаңадан бой көтеріп жатқан отыз жеке тұрғын үйдің құрылысын көріп қайтты. Бұл үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынуда. Байқағанымыздай, құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған баспаналар қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. 2019 жылы Жансүгір ауылындағы 48 пәтерлі 4 тұрғын үй апатты жағдайда деп танылыпты. Осыған байланысты тозығы жеткен бұл үйлер сол жылдың соңында алынып тасталған.

Айта кетейік, бұл үйлер 1967 жылы Ақсу қант зауытының жұмысшылары үшін салынған. Ендігі кезекте аталған үйлердің орнына қазіргі заман талабына сай екіқабатты екі тұрғын үй бой көтеріп, ел игілігіне берілмек. Жаңадан бой көтерген 12 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің құрылысы бүгінде қызу жүріп жатыр.Үйлер жеке кәсіпкер Марат Сембеков деген азаматтың жеке қаражаты есебінен тұрғызылуда.

Мәжіліс депутаттары жаңа үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысып, кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп тарқасты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы