ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ ҚАТЫНАСЫ: "БІР БЕЛДЕУ - БІР ЖОЛ" ЖОБАСЫ НЕ БЕРЕДІ?

Уақыты: 19.07.2021
Оқылды: 3365
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Экономикалық жағынан шығыстағы көршіміз қазіргі таңда еліміздің Ресейден кейінгі ең үлкен сауда серігі саналады. 2018 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда көлемі 19,885 миллиард АҚШ долларын құрап, соның алдындағы жылғы көрсеткіштен 10,8%-ға артты. 2019 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда көлемі 21,99 миллиард АҚШ долларын құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 21,43 миллиард долларға жетті. Әрине, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 2,6%-ға төмен. Оның басты себебі әлемдік пандемияға тікелей байланысты.

Гуманитарлық, мәдени барыс-келістен Қазақстан мен Қытай соңғы 3-4 жылды есептемегенде 30 жылдан бері тонның ішкі бауындай араласып, рухани қарым-қатынасты сақтап келеді. Оның үстіне ҚХР жай ғана көрші емес, әлемдік сауда-саттыққа ықпал етіп отырған екінші экономикалық тұлға саналады. Соған сәйкес әлемдегі маңызды саяси ойыншылардың бірі есебінде. Сондықтан оның әрбір іс-әрекеті алдымен көршілеріне, одан қала берсе бүкіл әлемге ықпал ететіні анық. Сол үшін Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасына арнайы тоқталмақпыз.

«Бір белдеу – бір жол» жобасын Қытай төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстан Республикасына ресми сапармен келіп, Назарбаев университетінде лекция оқығанда алғаш рет тілге тиек етті. Бұл ауқымды жобаның алдымен елордада айтылуы Қытай үшін Қазақстанның аса маңызды екендігін көрсетеді. Содан бері 69 мемлекетті шарпыған «ұлы жоба» өз деңгейінде атқарылып келе жатыр. Жобаның жүзеге асырылу барысында кейбір елдер оның игілігін көрсе, кей мемлекеттер қарызға кіріп, тынысы тарылып отыр. Бұл жоба алғашқы қақпа ретінде Қазақстанға болашақта белгілі деңгейде әсер ететіні сөзсіз. Сол себепті, алдымен бұл жобаның мәні мен мағынасын терең түсінуіміз керек.

Қытай Халық Республикасын нар тәуекелге бастырып, мемлекет тағдырын бәске тіккен өте ауқымды «Бір белдеу – бір жол» жобасы бірнеше тарихи, саяси шарт жағдайында алға қойылды.

Бірінші – әлемдік геосаяси жағдайдың өзгерісі Қытайды қиындықтан шығарар жол табуға мәжбүр етті. Реформаға есік ашу саясатын жүргізіп, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған Қытайдың жылдық жалпы ішкі өнімінің өсуі орта есеппен 10%-ды құрады. Соның арқасында қазір әлемдегі екінші ірі экономикалық тұлғаға айналып, әскери қорғаныста ешкімнің қабағына қарамайтын күшті империя қалыптастырды. Нәтижесінде Қытай құрлықта ғана емес, маңайындағы теңіз-мұхиттарға да билік жүргізгісі келеді.

Мысалы, Оңтүстік Қытай теңізінде әскери базалар құрып, көршілерімен ескі дауды қоңырсыта бастады. Мұндай экономикалық және әскери тұрғыдан күшею әлемдік ойын тәртібін орнатып, дүниежүзінің экономикасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған супердержава АҚШ-тың ұйқысын қашырып, теңіздегі ҚХР ықпалының артуына шектеу қоя бастады. Ақыры Қытай өзінің АҚШ-пен ерте ме, кеш пе, жаға жыртысатынына көзі жетті. Егер шынымен жаға жыртыса қалса, Қытайдың 80%-дан астам сауда кемесі кіретін Малай бұғазын АҚШ ауыздықтаса, Қытайдың күні қараң қалатындай көрініп еді. Сондықтан Қытайға екінші сауда жолын қарастыру кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Осындай жағдайда Қытай батыс пен шығысты жалғайтын, Еуропаға тікелей шығатын құрлық жолын ашуға бел буды.

Екінші – Си Цзиньпин дәуіріне келгенде экономикалық өсімнің төмендеуі мен индустрия саласының аномальді дамуы жаңа дамудың шығар жолын іздеуге мәжбүр етті.

Атақты Дэн Сяопиннің реформаға есік ашу саясаты Қытайды экономикалық табыстарға жеткізгенімен индустрия бұталмаған қисық ағаш секілді еренсіз өсіп, экология бүлінді, өнеркәсіп саласы артық өндіріске тап болды. Экономикалық өсім жылдан жылға түсе бастады. Зат бағасы өсіп, халықтың бақытты өмір сүру көрсеткіші төмендеді. Бұқараның билікке наразылығы күшейіп, Қытай Коммунистік партиясының дара билігіне сенім азайды. Дәл осындай жағдайда түйінді мәселелер шешілмесе алпауыт мемлекетті үлкен дағдарыс күтіп тұруы әбден мүмкін еді. Сондықтан Қытай билігі экология мен өнеркәсіптің артық өндірісі мәселесін шешіп, халықтың Коммунистік партияға деген сенімін арттыру үшін ыңғайлы жол іздестірді. Сөйтіп, кезінде өзі сияқты дамуға зәру болып отырған елдерге артық өнеркәсіптік желісін экспорттап, бір жағынан өз мәселесін шешуді көздеген Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасын ойлап тапты.

Үшінші – экономиканың артуына байланысты юаньды тездетіп халық-аралық валютаға айналдырудың қажеттілігі туындады. Әлем экономикасында екінші орынды ұстағанымен Қытай юанының әлемдік ақша болудан ауылы алыс қонған болатын. Оның үстіне юаньның әлемдік валюта ретінде халықаралық аударымдарда ұстайтын мөлшері 2%-ды ғана құрайтын. 

Шындығында бұл жобаның түпкілікті мақсаты – «Бір белдеу – бір жол» жобасы арқылы әлемге «қытайлық стандартты» орнату, сонымен бірге, Қытайдың энергетика қауіпсіздігін кепілдендіру.

Қазіргі таңда біздің айтып жүрген «әлемдік стандарт» неше ғасырдан бері ғылым мен техника, мәдениет, экономика, қаржы саласында көш бастап тұрған АҚШ пен Еуропаның стандарты. Сондықтан бүкіл әлем АҚШ пен Еуропаға қарап бой түзейді. Оған құрметпен қарайды, ең бастысы, сенеді. 

Бұл дүниеде сенім – ең үлкен капитал. АҚШ-тағы «Standard&Poor`s», «Moody`s», «Fitch» сияқты рейтингтік агенттіктер әлемдегі ең сенімді агенттіктер саналады. Олар кез келген мемлекетті «дұрыс» десе дұрыс болады да, «бұрыс» десе бұрыс болады. Оның сыртында өнеркәсіп өнімдерінің бүкіл техникалық стандарт жүйесінде АҚШ пен Еуропаның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Қытайдың арманы – АҚШ пен Еуропа сияқты өз алдына әлем мойындайтын стандарт орнатып, әлемді аузына қарату. Сондықтан: «Бір белдеу – бір жол» жобасының түпкі мақсаты – қытайлық стандарт жүйесін қалыптастыру» деп айта аламыз. 

Былайғы дүниеде бір ел бір елді әскери күшпен жаулап алмайды. Ондай қадам келмеске кеткен. Ендігі жаулау жолы ғылыми техникамен, экономикамен жүреді. Сол арқылы саяси ойын тәртібін белгілеуге болады. Ойынға қатысушылар тәртіпті жасаушының айтқанына көніп, айдағанына жүреді. Егер кімде-кім тәртіпке бағынбаса ойыннан шығарылып, құлдырауға, күйреуге бет алады. Сондықтан ҚХР осы жобасы арқылы ендігі жерде тек қатысушы ғана емес, ойын тәртібін белгілейтін елге айналуға тырысуда.

Сонымен жобаның не себептен алға қойылғанын және оның мақсатын білдік. Енді оның елімізге тигізетін пайдасы мен зиянын да айта кетейік.

«Бір белдеу – бір жол» жобасының пайдасы, алдымен біздің инфрақұрылымды одан ары дамытуға мүмкіндік береді. Яғни, жол құрылысын, мұнай-газ құбырларын және осы салаларға қатысты өндіріс орындары мен сервистік жүйені дамытуға болады. Сол арқылы ел экономикасы ілгерілеп, халық жұмыспен қамтылады, мемлекеттің бюджетіне салық түседі. Қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып отырған «Нұрлы жол» бағдарламасы «Бір белдеу – бір жол» жобасымен тығыз үндесіп жатыр. Бұл – бір.

Екіншіден, «Бір белдеу – бір жол» жобасы еліміздің энергетика көздерін дамытуға тиімді. Қытай экономикасы дамыған сайын энергетикаға деген сұраныс күннен күнге артып келеді. Энергетикалық қауіпсіздігін кепілдендіру үшін Қытай Ұлы Жібек жолының бойындағы энергия көзіне бай елдерге инвестиция салып, олармен тығыз экономикалық әріптестікті күшейтуде. Тіпті, оның энергия көзін дамыту үшін қазірге дейін салған инвестиция көлемі аз емес. Сондықтан ҚХР болашақта бұл жобаның аясында көптеген энергия көздерін ашуды жоспарлап отыр. Бұл біз үшін, әрине, тиімді болмақ.

Үшіншіден, «Бір белдеу – бір жол» жобасы біздің транзиттік әлеуетімізді одан ары арттырып, табысымызды еселеуге септігін тигізеді. Бүкіл Еуразияны тұтастырып жатқан алып территорияға иелік ету – Жаратқанның қазаққа берген үлкен нығметі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осындай мүмкіндігімізді ерте бастан-ақ көре біліп, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа тасжолын» салуды және «Қорғас құрғақ портын» ашуды қолға алды. Бүгінгі күні соның жемісін көре бастадық. Құрлық арқылы Еуропа мен Батыс Азия елдеріне баратын Қытай тауары мен Еуропадан, Батыс Азия елдерінен шыққан тауарлар біздің жеріміз арқылы өтіп жатыр. Сондықтан «Бір белдеу – бір жол» жобасының жүзеге асуы біздің экономикалық қуатымызды тіпті арттыра түседі.

Қысқасы, «Бір белдеу – бір жол» жобасының ел экономикасын дамытуға пайдасы болмаса зияны жоқ. Ал, экономиканы дамытуға ең қажетті фактор – инвестиция. Инвестиция тіпті экономиканың, өнеркәсіп желісін қалыптастырудың кілті. Ашығын айтсақ, Қытай инвестиция салу бойынша қазіргі таңда ең алдыңғы елдердің біріне айналып отыр. Сондықтан, Қазақстан билігінің «Бір белдеу – бір жол» жобасына қолдау білдіріп, оның мүмкіндігін пайдалануы өте дұрыс шешім дер едім.

Дегенмен, қазақта «бір таяқтың екі ұшы бар», «алмақтың да салмағы бар» деген сөздер бар екендігін айтқым келеді. Яғни, таяқтың екінші ұшында Қытайға экономикалық тәуелділік жатыр. Егер олардың инвестициясына көзді жұма қарап, ақ-қарасын айырмай ала берсек, ертең Қытайдың «стандартымен» жүруге кірісеміз. Сондықтан, экономиканы дамыту жолындағы стратегияны ұлттық қауіпсіздік деңгейінде жасау қажет. Мейлі, инфрақұрылым, энергетика көздері, өнеркәсіп, ауылшаруашылық өндірісі болсын, «ақшасы тиімді екен» деп, бір ғана алпауыт елге басымдық беруге әсте болмайды. Керісінше, басқа да алпауыт мемлекеттердің еліміздегі мүддесін теңестіруміз керек. Сонда ғана бір елге экономикалық тұрғыдан тәуелді болып қалудан сақтанамыз. Тәуелсіз ел ретінде өз қадір-қасиетімізді сақтап, өмір сүреміз.

Ербосын НҰРМҰХАНҰЛЫ,

экономист, кәсіпкер

Сурет - ғаламтордан