СУДЫ ҮНЕМДЕ! ТАБИҒАТТЫ АЯЛА! ЖАН-ЖАНУАРҒА МЕЙІРІММЕН ҚАРА!

Уақыты: 18.07.2021
Оқылды: 2240
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстанда егістіктерде су тапшылығын болдырмас үшін су шығынын есептеудің цифрлық әдісі енгізілуі қажет. Мемлекет басшысы Жолдауында айтқандай, бүгінде суару кезінде суды жоғалтудың үлесі 40 пайызды құрайды. Суды есептеу мен цифрландырудан бөлек, бұл мәселеге фермерлердің түсіністікпен қарауы да маңызды, олардың суды үнемдеп пайдаланғаны жөн.

Суды үнемдеңіз!

Су жоғалтуды болдырмас үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен бірге вегетациялық кезеңге сараптама жүргізді. Нәтижесінде 2030 жылға қарай егістік алқабы 3 миллион гектарға ұлғаятынын ескере отырып, су тапшылығын болдырмау шараларын қабылдау қажеттігін көрсеткен. Аталған министрліктің мәліметінше, су тапшылығын жою үшін оңтүстік аймақтарда суды көп қажет ететін дақылдар алқабын біртіндеп азайту керек. Сонымен бірге, жаңа су қоймалары салынады. Қолданыстағы арналар жөнделіп, су есептеу жүйесі цифрландырылады.

Суды үнемдеу технологиясы қолданылмаса, егіс алқаптарының көлемін ұлғайту мүмкін емес. Суды үнемдеп пайдалану мақсатында 2,8 шақырым 119 негізгі арнада 2025 жылға дейін су есептеудің цифрландырылған әдісін енгізу жұмысы жалғасады. Аталған шаралар қосымша 8,3 текше шақырым су жинауға және 1 гектар жерге кететін су көлемін 8,8 мың текшеметрден  6,6 мың текшеметрге азайтуға мүмкіндік береді. 

Жануарларға қайырымды болыңыз!

Соңғы кездері елде жануарларға қатысты қатыгездік оқиғалары көбейе бастады. Мәселен, адамдардың аққуды тұншықтырып, итбалықты ұрып, ит, мысықты қорлап, соңында аяусыз өлтіріп жатқандарын әлеуметтік желі арқылы жиі көреміз. Үй жануарларына жасалған аяусыз әрекеттер бұқаралық ақпарат құралдарында да жазылып жүр. Айта берсек, бұған ұқсас дерек көп. Бірақ адамдар мұндай қатыгездікке не себепті барады және оған жаза бар ма?

Міне, осыған байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бүгінде Қылмыстық кодекстің 316 «Жануарларға қатыгездік жасау» бабы бойынша жазаны күшейтуді ұсынып отыр. Ендігі кезекте елде жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдардың 2 жылға дейін бас бостандығы шектелуі мүмкін. Осыған қатысты айыппұл да ұлғаяды.

Заң жобасы жақында Мәжіліске жолданды. Бұдан бөлек, депутаттармен, жануарларды қорғаушылармен бірге «Жануарларды қорғау туралы» Заң жобасы әзірленді. Оның жүзеге асуы жануарларға адамгершілікпен және жауапкершілікпен қарауды қамтамасыз етеді. Түрлі санаттағы жануарларды күту бойынша жалпы және арнайы талаптар бекітіледі. Сонымен бірге жануарларға жасалған кез келген қатыгездік әрекетке қатысты жауапкершілік ілеспе заңда қарастырылған.

Атап өтейік, жаңа құжатта жабайы, үй, қызметтік және ауылшаруашылығы жануарларына жасалатын қатыгездіктің алдын алу шаралары толық қаралған. Жануарларға ветеринарлық көмек, тиісті күтім жасау, ойын-сауықтық мақсатта пайдалану ережелері бекітілген. Ал жануарларға қатыгездікті насихаттауға тыйым салынған.

Экотуризм дамиды

Қазақстанда барлық ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытудың тұжырымдалары дайындалып жатыр. Бұл табиғи нысандарға зиян келтірмей сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Жабайы туризм табиғатқа, қайталанбас табиғат нысандарына зиянын тигізіп жатыр. Бұған бірнеше мәрте көз жеткізілді. Сондықтан экологиялық, ұйымдасқан туризмді дамыту қажет. Ал Қазақстанда экотуризмді өркендетудің әлеуеті жоғары. Қазақстанның ұлттық парктерінде көлік қоятын автотұрақтар, кемпингтер, заманауи санитарлық кабиналар жоқ. Халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, маршруттар мен соқпақтарды дамытуға басымдық беріледі. 

Заманауи визит-орталықтар, медициналық пункттер, кемпингтер мен этноауылдар салынады. Осыған байланысты тиісті бас жоспарлар әзірленуде. Қабылданған шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ұлттық парктерде қоғамдық кеңестер құрылды. Облыстағы Іле Алатауы, Шарын, Алтын Емел, Көлсай көлдері парктерінде экотуризмді дамытудың тұжырымдамасы дайындалып, таныстырылды.

Осы қабылданған тұжырымдамалар бойынша ұлттық парктердің бас жоспарларына түзетулер енгізіліп, визит-орталықтар салу жұмысы басталып кеткен. Бұдан бөлек, елдегі басқа да ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытудың тұжырымдамалары әзірленуде. Айта кетейік, Қазақстанда қазір 13 мемлекеттік ұлттық табиғи парк бар. Оларға алдыңғы жылы 1,5 миллион адам келген.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Сурет ғаламтордан алынды