ТАҒАЙЫНДАЛҒАННАН ГӨРІ САЙЛАНҒАН ӘКІМ ШЫН ЖАНАШЫР БОЛАДЫ

Уақыты: 26.07.2021
Оқылды: 1123
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өткен жылдың күзінде жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Президент ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы тосын әрі тың бастама көтеріп, саяси бәсекелестіктің рөлін күшейтуге жол салды. Бұл бастама билік тегершігін тағайындаудан гөрі сайлауға қарай бұрудың, ауыл тұрғындарының таңдау құқығына басымдық берудің маңыздылығын көрсетті.

Жолдау жарияланған бір жылға жетер-жетпес уақытта әкімдер сайлауының алғашқы нәтижесін көріп те үлгердік. Жексенбілік демалыста шалғай-шалғайдағы саяси шараға бір кісідей атсалысып, әділ таңдау жасауға асыққан ағайынның жүзінен ертеңгі күнге деген сенім, ауылды дамытуға деген құлшыныс байқалып тұрды. Ауылдағы жұртшылық күнделікті дала жұмыстарымен жүріп, саяси науқандардан шет қалып жүруші еді. Бұл жолы олай болмады. Ауылдағы ағайын өз өңірін дамытамын, гүлдендіремін деген үміткерлерге мүмкіндік берді. Бір орынға екі, үш адамның таласқа түсуі, шын мәнінде, бұл сайлаудың қаншалықты маңызға ие екенін көрсетеді. Тіпті, кейбір ауылдарда 6-9 адамға дейін үміткер тіркелгені тағайындаудан гөрі сайлаудың ел сенімін нығайта түсетінін айғақтады.

Бұл шара тек ауыл әкімдерімен шектелмесі анық. Президент айтқандай, болашақта аудан басшылығына да сайлау әдісі қолданылады деп күтілуде. Меніңше, бұл демократиялық құндылықтарды бетке ұстаған Қазақстан қоғамы үшін өте қажет дүние. Кез келген салада сайлаудың өтуі бұл адамдардың құқықтық сауаттылығын арттырумен бірге ел, жер, мемлекет тағдырына бей-жай қарамауға, туып-өскен өлкеңді құрметтеуге үйретеді.

Бұл сайлау, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып отырған игі қадам. Қалай десек те, ауылдағы сайлау шарасы сол өңірдің дамуына ықпал етері сөзсіз. Өйткені, сайланған әкім ауылға бүйрегі бұрып тұратын, дауыс берген тұрғындар мәселесін жерде қалдырмайтын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне бар күш-жігерін салатын шын жанашыр азамат боларына бек сенімдімін.

Әміре ӘРІН,

«Жетісу» газетінің бас редакторы,

халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты,

Қазақстанның Құрметті журналисі