ЛАЗЗАТ ТҰРЛАШОВ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ЖАУАПТЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ СЫНАДЫ

Уақыты: 27.07.2021
Оқылды: 1134
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қысқы жылыту маусымында облыс тұрғындары үшін көмір қажеттілігі 1,37 миллион тоннаны құрайды. Бүгінге дейін 200 мың тоннадан аса көмірді тұрғындар сатып алған. Ал қоймада 94 мың тонна көмір бар. Олардың орташа бағасы 14 000 – 14 500 теңге аралығында. Бұл – Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ) басқармасының мәліметі.

Облыстық әкімдікте аймақ басшысының бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының онлайн қатысуымен қысқы жылыту маусымына дайындықты пысықтады, кемшіліктерге тоқталып, ескертпелер жасады. 

Өңірімізде жылыту маусымына бюджеттік ұйымдар үшін арнайы дизель отыны сатып алынған. Алайда соның 8 пайызы ғана білім мекемелері мен денсаулық сақтау ұйымдарына жеткізілген. Жиынға қатысушылар бұл көрсеткішті «төмен» деп отыр. Облысымызда 78 қазандық, 20 шақырымнан астам жылу жүйелері жөндеуден өтіп жатыр. Ал үш қазандық көгілдір отынға алмастырылуда.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Әбілқасымов өз баяндамасында:

– ­­­­­­­­­­­­­­­­­Жылыту маусымы кезінде аудан, қала тұрғындарынан пәтерінің суықтығына байланысты шағымдар келіп түсті. Көпқабатты үйдегі төмен температура себептерінің бірі – сол үйлердің жылыту маусымына сапасыз дайындығы. Аудан, қала әкімдері жеделдетіп жөндеу жұмыстарына кірісу қажет деп есептеймін,­­­­­­­­­ –­­ деп айтып өтті.

Дәл осындай баяндамалардан кейін Лаззат Тұрлашов жылыту маусымына дайындықтың баяу жүріп жатқанын айта келіп, жауапты қызметкерлердің жұмысын сынға алды.

Жиын соңына қарай тұрғын үй мен мектеп құрылысындағы жұмыс жайы сөз болды. Лаззат Махатұлы әлі де кешеуілдеп жатқан құрылыс нысандарын айтып, уақытылы жұмыс істеуді тапсырып, жауапты басшыларға ескертпе жасады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары алдағы аптада бәрінің басын қосып, тағы бір жиын өткізетіндігін, онда бүгінгі ескертпелердің нәтижесі сұралатындығын жеткізді.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы