АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 300-ГЕ ЖУЫҚ ШӨП ШАБУШЫ БРИГАДА ҚҰРЫЛҒАН

Уақыты: 28.07.2021
Оқылды: 1306
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Аудандарда бұл іске 1670 адам, 295 шөп шабатын бригада жұмылдырылған. Науқанға 1576 шөп шабатын машина және 1401 пішен нығыздап жинайтын техника атсалысуда. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде мемлекеттік орман қорының аумағында шаруашылықтар мен тұрғындар шабындыққа 15,2 мың га жерді, жайылым үшін 899,9 мың га жерді пайдалануда. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан 164 га шабындық, 59 мың га жайылым ретінде бөлінген.

Ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі күні 1810 мың тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 64,2 пайызы орындалды деген сөз. 285,4 мың тонна пішендеме, 124,9 мың тонна сабан, 55,7 мың тонна мал жемі дайындалды.

Табиғи шабындықтың орташа өнімділігі әр гектарынан 15-25 центнерден айналады, ал жоңышқа мен көп жылдық шөптер 35-40 ц/га өнім беріп отыр. Ауыспалы жер қорына түгендеу жасалып, өткен жылдан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Ұйғыр аудандарында 30,2 мың тонна мал азығы бар екені анықталды. Сонымен қатар, облыста жиын-терін мен шөп дайындау жұмыстарына 13,8 мың тонна дизель отыны бөлінген, соның ішінде, 1,8 мың тоннасы шөп шабуға қарастырылған.

Шөп дайындау науқаны үшін жанар-жағармайға тиісті ведомствоға қосымша тапсырыс берілген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"