ҚЫТАЙМЕН ШЕКАРАЛАС НҰРКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚЫЗУ

Уақыты: 01.08.2021
Оқылды: 1336
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаркент өңірінде соңғы бес жылда баспана құрылысы ерекше қарқын алды. Тек өткен жылы 13 млрд.600 млн.теңге игеріліп, 22 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Биыл құрылысқа 3 миллиард теңге қарастырылған. Қазір Нұркент қалашығында 60 пәтерлі екі үй салынуда, одан басқа баспана кезегіндегілер үшін тағы екі көппәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды. Алғашқы аталған екі тұрғын үйдің құрылысын «Техноснаб 2002» салып, қазір 85 пайыз құрылыс жұмысын атқарды. Құрылыс алаңында 59 жұмысшы еңбек етеді, 3 техника қолданыста.

Бұл үйлердің айналасын көріктендіру мен инженерлік-коммуникациялық жүйесін «ПСК Градцентр» ЖШС атқаруда. Құрылыс материалдарының шұғыл қымбаттауына байланысты қазір жұмыс тоқтап, құрылыс жобасына қосымша қаржы қарастырылуда. Екінші объектідегі екі 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға келісімшарт жасалып, құрылыс монтаж жұмыстары басталмақшы.

«Жол картасы-2020» бағдарламасының аясында бірнеше ауылдық елді мекендерде Мәдениет үйі мен мектептер жөнделіп, дәрігерлік амбулатория салынды. Аққұдық, Сарыбел, Үшарал, Қызылжиде, Диханқайрат, Шолақай, Пенжім, Айдарлы, Дарбазақұм, Көктал, Үлкеншыған ауылдары мен Жаркент қаласында жолдар жөнделді. Алмалы, Тұрпан ауылдарында ауызсу жүйелері қалпына келтірілуде.

Қазіргі таңда Аққұдық ауылында 120 орынды, Басқұншы ауылында 300 орынды мектеп салынуда. Мұның алғашқысына 703 млн.екіншісіне 1703,483 млн.теңге бөлінген. Аққұдықтағы Шабдан Байбатшаев атындағы орта мектептің құрылысын «Нұр Шапағат Құрылыс» ЖШС атқаруда. Құрылысқа 65 жұмысшы мен 5 арнаулы техника тартылған. Басқұншыдағы Крылов атындағы орта мектеп құрылысын «СП Neft» ЖШС жүргізуде. Мектеп құрылысы келесі жылы мамыр айында аяқталмақшы.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржыландырудың нәтижесінде Жаркент қаласындағы «Бөлек батыр» атындағы орталық саябақ күрделі жөндеуден өтіп, сәндендірілді. Күн сайын жергілікті халық серуендеуге келетін демалыс орнының жүргінші жолдары асфальтталып, жаңа орындықтар қойылып, спорт алаңы жасалып, тұрғындарды қуантуда.

Аудандағы барлық құрылыс жұмысының сапалы, уақытылы атқарылуын құзырлы орындар тұрақты бақылап отырады. Объект пайдалануға берілгенге дейін кемшіліктер түзетіледі. Соңғы жылдары құрылысқа жыл сайын бөлінетін қаржы 300 млн.теңгеден 3 млрд.теңгеге көбейді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы