МИНИСТРЛІК АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ КӨЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ

Уақыты: 05.08.2021
Оқылды: 1021
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік ҚамалиевтІң төрағалығымен Көлік қызметкерлері күніне орай селекторлық режимде мерекелік іс-шара өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Жиынға Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері қатысып, министрлік тарапынан көлік саласында көп жыл қызмет атқарып, еңбегі еленген ардагерлер марапатталды. «Канатжан и Ко» ЖШС жүргізушісі Мәди Абдуллаев «Құрметті автокөлікші», Талдықорған қаласы орталық автобекетінің билет сатушысы Қарлығаш Жарасова «Үздік автокөлікші» төсбелгісін кеуделеріне тағып, мерейлері артты.

Марапатталғандар қатарында Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының көліктегі бақылау бөлімінің бас маманы Талғат Берліқұлов ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің Құрмет грамотасын алды.

– Мамандығымды мақтаныш тұтамын. Талдықорғандағы автобекетте 37 жылдан бері ыстығына да, суығына да шыдап, қызмет етіп келемін. Зейнетке шыққанға дейін осында жұмыс істей бермекпін. Еңбегімізді елеп, ескеріп, осындай марапат ұсынып жатқан басшылыққа көптен-көп алғыс айтамыз. Әріптестерімізді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, жұмыстарына жеміс тілеймін, – деп лебіз білдірді Қарлығаш Ратайқызы.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы