САЛЫҚ ТӨЛЕУДІҢ ЕҢ ТИІМДІ ҮЛГІСІ ҚАНДАЙ? КІРІС ДЕПАРТАМЕНТІ ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 07.08.2021
Оқылды: 822
Бөлім: ЭКОНОМИКА

“Jetisý media” ақпарат алаңында “Жеке тұлғалардың көлік құралына салық төлеуі» тақырыбында брифинг өтті. Онда облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Руслан Мейірхатұлы бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат берді.

Мемлекет басшысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) қол қойғаннан кейін жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін дұрыс есептеу және артық төлемнің пайда болуын болдырмау, болған жағдайда салықты қайтаруға байланысты туындайтын әуре-сарсаңды азайту мақсатында нақты жұмыстар атқарыла бастады. Осыған орай, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті «Салықтық әкімшілендіруді реформалау» жобасы шеңберінде «Интеграцияланған деректер базасы» ақпараттық жүйесінің «жергілікті салықтардың» кіші жүйесін әзірледі. Бұл жүйе бойынша көлік салығына екі жыл бойынша есептеу жүргізіліп, өткен жылдың салық төлемі биылғы 1 сәуірде аяқталды.

Облыста жалпы 593434 автокөлік құралы тіркелсе, салық төлеушілердің саны 554143 адамды құрайды. Өткен жылға есептелген салық сомасы 8805 млн.теңге, оның ішінде жеңілдіктері бар 25216 адам 536 млн.теңгеге босатылған. Ал тамыздың бірінші күніндегі есеп бойынша көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешек 86861 жеке тұлға бойынша 2 707,7 мың теңгені құраған.

Заңнамаға сай салық төлеу тәсілдері де өзгерген. Жеке тұлғалар салықтарды екінші деңгейдегі банктердің бөлімшесі немесе төлем терминалында қолма-қол ақша қаражатымен, банкоматтар және төлем терминалдарындағы банк карталарының көмегімен де төлей алатынын айта кеткен жөн. Бұл тұрғыда сұрақтар туындаса, анықтамалық ақпаратты алу үшін бірыңғай байланыс орталығының 1414 тегін телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Жеке тұлға көлік салығын мүлдем төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жеке тұлғаның қарызын өндіріп алу туралы салық бұйрығын заңнамада белгіленген тәртіппен атқарушы органдарға жібереді. Осыған байланысты жеке сот орындаушының (ЖСО) борышкерден қарызды өндіруді мәжбүрлеуі бойынша шаралар қарастырылған. Сондықтан, барлық салық төлеушілер материалдарды жеке сот орындаушыларға жеткізбей уақытында салық төлеуді жүзеге асырғаны жөн.

Қажет АНДАС

Алматы облысы