БҮГІН - ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КҮНІ: БҰЗЫЛМАЙТЫН САПАЛЫ ҮЙ САЛАМ ДЕСЕҢІЗ

Уақыты: 08.08.2021
Оқылды: 1636
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жылда тамыздың екінші жексенбісі Құрылысшылар күні ретінде аталып өтеді. Биылғы құрылысшылар мерекесі 8 тамызға келіп отыр. Аталмыш күнге орай "Жетісу" газетінің тілшісі құрылыс заттарын шығаратын кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Өткен жылдан бергі індет жағдайынан байланысты кейбір құрылыс материалын тасымалдайтын кәсіпкерлердің жұмысы тоқырап, шетелдерден жеткізілетін материалдар шекарадан бері аспай қалды. Десе де, отандық құрылыс материалдарын өндіретін ірі және шағын кәсіпорындар құрылыс жұмысының іркіліссіз жүруін қамтамасыз етіп келеді. Сол қатарда Еңбекшіқазақ ауданының 28 жасар тұрғыны Ермек Сұңқарбекұлы бүгінгі таңдағы құрылысқа ең керекті газоблоктар, приторлық блоктар мен брусчаткалар шығаратын екі шағын кәсіпорынды іске қосты.

Алғашқы зауыт өткен жылы Талғар ауданында салынған, 0,3 гектар аумақта өндірістік цех, қойма үй-жайы, ұңғыма, өнімдер сатылатын шағын дүкен орналасқан. Жалпы ауданы 1 гектар жерді алып жатқан екінші цех осы жылдың мамыр айында Боралдай ауылында ашылды. Күн сайын зауыттарда 50 шаршы метрден брусчаткалар, 240 дана газоблок және 1200 приторлық блок шығарылады. Екі кәсіпорында 17 адам жұмыс істейді.

– Осыған дейін мен құрылыс компаниясында жұмыс істедім. Тәжірибем болды. Блоктарға сұраныс бар екеніне, кәсіп жүргізуге мүмкіндіктің барына көзім жетті. Осылайша өз ісімді ашу туралы идея пайда болды. Еңбекшіқазақ ауданындағы Кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасына қатысуды шештім. Алғаш рет 200 АЕК көлемінде грант, кейін 6 млн.теңге көлемінде 6 пайызбен жеңілдетілген несие алдым. Сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында инновациялық жоба ретінде 2 млн.теңге көлемінде грант жеңіп алдым. Осы қаражатқа мен блоктар мен төсемдер мен басқа да жабдықтар шығаратын станоктарды сатып алдым. Жабдықтардың барлығы отандық өнім, тек приторлық блоктар шығаратын станок Қытайда жасалған. Өндіріске арналған шикізат жергілікті карьерлер мен цемент зауыттарынан жеткізіледі, – деді кәсіпкер.

Ермектің айтуынша, өндіріс пен сату маусымы наурыз айында басталып, қазан айының соңына дейін жалғасады. Өнімдердің көпшілігін жеке азаматтар сатып алса, қалғаны шамамен 30 пайызын мемлекеттік және бизнес құрылымдары қажетіне жаратады. Шығарылған заттардың сапасы да жоғары, сызат түспейтін, бұзылмайтын үй салам десеңіз осы зауытқа сенім артуға болады.

Алдағы уақытта кәсіпкер өндірісті кеңейтіп, өнеркәсіптік база салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қызмет көрсету және туризм салаларында дамуға ниетті екенін айтты.

Қажет АНДАС

Алматы облысы