ҮЛКЕН АЛМАТЫ АЙНАЛМА ЖОЛЫ: ҒАСЫРЛЫҚ ЖОБА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР?

Уақыты: 08.08.2021
Оқылды: 1129
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Құрыш білекті құрылысшылардың еңбегін бір ауыз сөзбен түйіндеуге болмайды. Олардың ел экономикасына қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Құрылысшылар болмаса, өндіріс орындары, жол, сапалы тұрғын үй, мектеп, аурухана салынбас еді. Яғни, құрылысшыларсыз алға жылжу мүмкін емес. Олар ғасырлық маңызы бар тарихи жобаларды жүзеге асырудың да басы-қасында жүреді. Бүгін, яғни, тамыз айының екінші жексенбісінде - аталмыш маман иелерінің кәсіби мерекесінде Алматы қаласының маңында басталған соңғы онжылдықтағы ең ірі жобалардың бірі - Үлкен Алматы айналма жолының (БАКАД) құрылысы жайлы тарқатып айтып көрейік.

Үлкен Алматы айналма жолын айтпас бұрын Алматының Түрксіб ауданын, сондай-ақ, Іле ауданының Покровка ауылын облыс орталығымен, Өтеген батыр кентімен байланыстыратын көпірге тоқталғанымыз жөн. Бұл күнде Кіші Алматы өзені арқылы өтетін осынау жол өзінің маңыздылығымен тарихта қалды. Бұл жол 1972 жылы салынған және жарты ғасырға жуық уақыт бойы жақсы қызмет етті. Ол кезде бұл екі жолақты қозғалысы бар, бетон тіректерге салынған, өте заманауи құрылым болды. Бұл көпірдің сәл оң қапталында соғыстан кейін салынған тағы бір көпір бар еді. Бүгінде бұл жерде уақытша айналма жол салынды, оның бойымен Алматыдан және қалаға кері қарай тығыз көлік ағыны сақталған. Қазіргі таңда Үлкен Алматы айналма жолының құрамдас бөлігі ретінде Покровкада құрылыс басталды.

Алматыны айналатын алып жолдың жобасы 10-15 жылдан бері айтылып келе жатыр. Жобаның жалпы құны 150 миллиард теңгеден асады. Ол концессиялық негізде, яғни, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен жүзеге асады. Ұзындығы 60 шақырымнан асатын көпжолақты жол Алматының шығыс, солтүстік және батыс шетінен, яғни, іргелес Қарасай, Талғар және Іле аудандарынан, 14 елді мекеннен өтеді. Ал құрылыс аяқталғаннан кейін бұл жол «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық магистралімен тепе-тең болады. Құрылысты Alsim Alarko және Mayol Inshaat (Түркия) шетелдік компанияларының консорциумы, сондай-ақ SK Ecoplant және Korea Expessway Corporation (Оңтүстік Корея) жүргізеді.

Нысанда қазақстандық компаниялар да жұмыс істейді, біз олардың бірінің өкілдерімен жұмыс орнында, Өтеген батыр ауылының кіреберісінде сөйлесуді жөн көрдік.

«L-VESA» ЖШС прорабы Олег Ерденбеков: «Біз түрік жол құрылысы компаниясының қосалқы мердігеріміз. Біздің міндет - бұл Покровка көпірін қысқа мерзімде бұзу. Біз айналма жол салдық. Жабдықтар, адамдар, тәжірибе бар, объектіде кідіріс жоқ. Бұл жерден батысқа қарай ұзындығы шамамен 700-800 метр болатын жаңа эстакада өтеді. Енді бас мердігер тереңдігі 20 метрден 30 метрге дейінгі диаметрі 1,5 метрлік монолитті бетонды бағаналарды құюға дайындық жасап, қазба және бұрғылау жұмыстарын жүргізуде. Шамамен бір жылдан кейін бұл жерде эстакада болады», - деді.

Олег, сонымен қатар, 20 жылдан астам құрылыста жүргенін, облыстағы және Алматыдағы түрлі нысандарда жұмыс істегенін айтты. Атап айтқанда, өңдеу, асфальт төсеу, жол жөндеу жұмыстарымен сапалы атқарған. Ол өкілдік ететін ЖШС Талғарда орналасқан.

- Біздің жұмыс жүйелі ұйымдастырылған. Мамандар үшін жақсы жағдай жасалған. Жалақының кешігуі ешқашан болмайды. Міне, сондықтан адамдар өз жұмыс орнын бағалайды, көпшілігі осы жерден лайықты демалыс үшін кетеді. ЖШС басшысы - жас, перспективалы көшбасшы, үшінші буындағы құрылысшы Алексей Белозеров есімді азамат. Осы сәтті пайдалана отырып, мен барлық әріптестерімді Құрылысшылар мерекесімен құттықтап, зор денсаулық және жаңа шыңдарды бағындыруды тілеймін, - деді О.Ерденбеков сөз соңында.

Рамазан ЕЛЕШЕВ

Іле ауданы

Алматы облысы