АЛМАТЫМЕН СЕРІКТЕС GATE CITY ҚАЛАСЫН ҮЛКЕН ӨЗГЕРІС КҮТІП ТҰР

Уақыты: 10.08.2021
Оқылды: 1020
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімдігі мен «BI Group» компаниясының еншілес ұйымдары бірлесе отырып, «GATE CITY» аумағында тұрғын үй кешендерімен қатар әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық нысандар салуды көздейтін жобаны іске асырады. Осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ «BI Group» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізіп, аталмыш жоба жайында сөз қозғады. Соңында облыс әкімдігі мен «BI Group» компаниясы арасында меморандум жасалды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Кездесуде Лаззат Махатұлы сөз сөйлеп, аталған жобаның мақсат-міндетін түсіндірді.

- Өздеріңіз білетіндей, «GATE CITY» Алматы – Өскемен республикалық тас жолының Алматы – Қапшағай телімінде орналасатын, құрылымдық жағынан біріктірілген заманауи ақылды қала. Жобаның негізгі мақсаты – бизнестің қарқынды дамуына және халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған Алматы мегаполисінің жаңа ақылды қалаларын салу. Жалпы, жоба іске асырылған сәттен бастап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы үлкен іс атқарылды. Осы бағыттағы жүйелі жұмысты одан әрі жалғастырып, бұдан да жақсы нәтижелерге бірлесіп қол жеткізуге болады. Аталған жоба облыс әкімдігі тарапынан үнемі назарда болып, тиісті қолдаулар көрсетіледі, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Осыған байланысты компания өкілдері де өз ойларын ортаға салды. Бұдан соң қос тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«BI Development Almaty» компаниясының бас директоры Айдос Мұқатаев жасалған меморандум бірлескен жұмыстардың ресми бастамасы екенін айтып, жобалау және эскиздерді дайындау жұмыстарының басталатынын құлаққағыс етті. Белгілі болғандай, 100 гектардан аса учаскеде 590 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй, үш мектеп, бірнеше балабақша, дәрігерлік амбулатория, басқа да нысандар салу жоспарлануда. Сондай-ақ, су қорғау белдеуінің аумағында саябақтар пайда болмақ.

«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ мәліметінше, бұған дейін «Жетісу» ӘКК» тарапынан холдинг өкілдерімен бірнеше кездесу өтіп, онда жер учаскелерін беру мәселелері, жобаның экономикалық -техникалық жағдайы талқыланған.

Айта кетейік, Іле ауданында Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының оңтүстігінде орналасқан «GATE CITY» серіктес қаласы тұжырымдамаға сәйкес инфрақұрылымы дамыған ақылды қала және қаржы-іскерлік, білім беру және ғылыми медициналық орталық, өнеркәсіптік, сауда-логистикалық хаб. Қаланың жалпы ауданы 134 гектарды құрайды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы