ІРІ КӘСІПОРЫНДАР ЕКПЕНІҢ АРҚАСЫНДА ТОҚТАУСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР

Уақыты: 26.08.2021
Оқылды: 990
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аймақтың көптеген ірі кәсіпорындарында COVID-19-ға қарсы егу науқаны аяқталды. Вакциналанған азаматтар мен қалыптасқан ұжымдық иммунитеттің арқасында кәсіпорындарда жұқтыру фактілері анықталмады әрі өндірістің өсу қарқыны сақталып отыр.

Бүгінде «Шин-Лайн» компаниялар тобында қызметкерлердің 75 пайызы коронавирустық инфекцияға қарсы егілді. Балмұздақ шығаратын еншілес «Шин-Лайн» ЖШС-да жұмысшылардың 89 пайызы вакцина алды. «Шин-Лайн» компаниялар тобының президенті Андрей Шин алғашқылардың бірі болып екпе cалдырды. Осылайша жеке үлгісімен қызметкерлер арасында вакциналау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

– «Шин-Лайн» компаниясында қызметкерлер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұжымда вакциналау жүргізу туралы шешім қабылданды. Бұл – адамдарды COVID-19 жұқтырудан қорғаудың, ал кәсіпорынға тоқтаусыз жұмыс істеуге мүмкіндік берудің бірден-бір сенімді тәсілі деп санаймыз. Екпе салдыру науқаны кәсіпорында 15 сәуірде басталды. Біз өнімнің қауіпсіздігіне байланысты барлық нәрсеге жауапкершілікпен қараймыз. Сондықтан санитарлық қызметтердің ұсыныстарын басшылыққа аламыз және үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Өз қызметкерлерін вакциналау қажеттілігі туралы ақпараттандыру - басшылықтың маңызды міндетіне айналды, – дейді Андрей Шин.

Өңірде фармацевтика саласында табысты қызмет атқарып отырған кәсіпорынның бірі «Kelun – Kazpharm». Зауытта 312 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын өкілдері осы жылдың мамыр айында басталған егу науқаны барысында қызметкерлердің жартысынан астамы вакцина алғанын атап өтті. Компанияның дәрілік заттарды тіркеу жөніндегі менеджері Абай Масақбаевтың айтуынша, ол өзін және отбасын коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупінен қорғау мақсатында бірінші болып екпе салдырды.

– Коронавирус пандемиясы бір жылдан астам уақыттан бері таралып келеді және оның қашан аяқталатыны әлі белгісіз. Бетперде кию, жеке гигиенаны сақтау, арнайы әлеуметтік қашықтықты сақтау мен вакциналау күнделікті өмірде эпидемияның алдын алудың ең тиімді шаралары болып табылады. Сондықтан ауырғаннан гөрі, екпе салып, сау жүрген артық, – дейді ол.

«Kelun-Kazpharm» мамандары егу науқаны кәсіпорынның дәрі-дәрмектерді үздіксіз өндіру мен жеткізуді жалғастыруға мүмкіндік бергенін айтады. «Қазіргі таңда медициналық препараттар ерекше тауарлар санатына көшті. Осы себепті, әсіресе, эпидемия кезінде өнімді сапалы жеткізуді қамтамасыз ету керек. Баршамыз үшін күрделі кезеңде мемлекеттің вакциналау туралы үндеуін қолдап, әлеуметтік жауапкершілігімізді танытуымыз керек», – дейді олар.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 24 тамыздағы жағдай бойынша өңірде COVID-19 вакцинасының бірінші компонентімен 647 744 адам егілді. Вакцинаның екінші компонентін 515 544 адам алды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы