ПРЕЗИДЕНТ НЕГІЗСІЗ ШАРЫҚТАҒАН АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН СЫНҒА АЛДЫ

Уақыты: 01.09.2021
Оқылды: 1330
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Президенттің биылғы Жолдауы ерекше көңілден шығып отыр. Себебі, онда әр салаға жеке-жеке мән беріліп, түйткілді мәселелер қозғалды.

Мемлекет басшысы алдымен пандемия кезінде мемлекет азаматтар мен кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел көмек берілгенін, соның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетіп, осы ретте оны жүзеге асыруда 3,5 мыңнан аса жоба іске қосылғанын, 70 мың жұмыс орны ашылып, өндірілген өнім мен қызметтің жалпы құны 3,5 трлн.теңге болғанын атап өтті.

Президент, сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тауып, бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізгенін жеткізді. Алайда Мемлекет басшысы бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екеніне назар аударып, осыған байланысты «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдап, бұл мақсатта бөлінетін қаржы көлемінің кемінде 1 трлн.теңге болатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы, сонымен бірге, ауылшаруашылығы саласына ден қойып, онда проблемалы мәселелердің бар екенін, соған байланысты жүйелі жұмыстардың атқарылуы тиіс екенін атап көрсетті. Биыл, өздеріңіз білесіздер, ауа райының құрғақшылығы жемшөп қорын ойдағыдай әзірлеуге кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты Президент жемшөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейтіп, егіс алқабына әр жыл сайын түрлі дақыл егу талабын сақтауға шақырды. Осы орайда ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен пайдалану керек екенін атап өтті.

Шаруашылықтарды жайылым жермен қамтамасыз етуге қатысты заң жобасының дайындалатыны, жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалауға қатысты нақты шаралар қабылданатыны айтылды. Бұған қоса, Президент елдегі азық-түліктің бағасының негізсіз өсуін сынға алып, бұл мәселені де жөнге келтіру қажеттігін назарға салды.

Гүлмира БЕКБАТЫРОВА,

Кербұлақ ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы

Алматы облысы